«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша қазақстандық балаларға 888 млн доллар аударылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.
ҚАНША АДАМ ҚАТЫСТЫ
Министрлік мәліметінше, 2024 жылы бұл бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып (2006-2023 ж.ж. туған балаларды қоса алғанда), олардың әрбірінің шотына 100,52 доллар жіберілген. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн доллар. Тұтастай алғанда, осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн доллар аударылды. 2025 жылы әр балаға жаплы 129,38 доллар аударылды.
Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда) жинақтарының жалпы сомасы 232,94 долларға ұлғайды.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша аударымдар туралы ақпарат eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында 2025 ж. 1 ақпанда көрсетіледі.
ТӨЛЕМ
Төлем тетігі барынша қарапайым. Баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген ақша туралы ақпаратты баланың ЖСН енгізе отырып, арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан көруге болады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, сол секілді өзекті сұрақтардың жауаптарын ала аласыз. Бұдан бөлек балаға арналған аударымдар туралы деректерді eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, сондай-ақ Kaspi.kz, Halyk қосымшалары арқылы да көруге болады.
АҚШАНЫ ПАЙДАЛАНУ
Жинақталған соманы кез келген жас азамат 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға аударылады және жобаның ресонденттері уәкілетті операторлардың (Отбасы банкі және Халық банкі) қосымшасы арқылы өтініш бере отырып, тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға жұмсай алады.
АҚШАНЫ ПАЙДАЛАНЫП ҮЛГЕРГЕНДЕР
2025 жылдың 1 қаңтарында бұл мақсаттарға 66 571 өтінім беріліп, оның ішінде жалпы сомасы 5 316,7 мың долларға 53 001 өтінім орындалды.
Биыл бағдарламаға 6 921 035 бала қатысып жатыр (2007 жылдан 2024 жылға дейін туған балалар). Олардың ішінде 324 430 азамат 2025 жылы 18 жасқа толады.
ҰЛТТЫҚ БАНК МӘЛІМДЕМЕСІ
Бұған дейін ұлттық банк Қазақстандағы әр баланың шотына 129,38 доллардан аударылғанын мәлімдеген болатын.