Пилотсыз такси Алматы мен Алатау қаласының арасында ұша бастауы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАРАБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Үкіметте көлік министрі Марат Қарабаев қазір мобильді жолаушы тасымалы дейтін жоба көбірек талқылана бастағанын айтады. Былтыр жыл аяғында Қазақстанның үкіметтік делегациясы Оңтүстік Кореяға барған. Сол кезде аталған мәселе талқыланған.
Әуежайдан Алатау қаласына дейін жолаушыларды тасымалдауға аэромобильдер пайдалану көзделіп отыр. Бұл өзі шу шығармайтын, сутегі тұтынатын, 5 адамға дейін жолаушы сиятын тікұшақ деуге болады. Қазір бұл бағытта Оңтүстік Корея мен АҚШ компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық компаниялардың бірі осындай жобаны іске асыруға қызығушылық танытты, - деді ол.
ЖОБА ӘЛІ ЗЕРТТЕЛІП ЖАТЫР
Министрдің айтуынша, аталған жоба әлі зерттеліп жатыр.
Бірінші сатысында Алматыдан Алатау қаласына дейін сынап көреміз. Бұл 2026 жылға қарай пилоттық негізде іске қосылуы мүмкін деп болжап отырмыз, - деді Марат Қарабаев.
Марат Қарабаев оның алдында бензин, автогаз бағасының қымбаттауы жол қызметінің бағасына қаншалықты әсер ететінін айтқан еді.