Сыртқы істер министрлігінде АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтар туралы ақпарат бар. Алайда олардың ешқайсы әзірге депортацияланбаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШЕТЕЛДІК ЛАГЕРЬЛЕР
Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев шетелдік лагерьлерде Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі және басқа да консулдық мекемелер АҚШ-та жүрген азаматтардың тұрақты есебін жүргізеді.
ЗАҢСЫЗ КӨШІ-ҚОН
- Жақында ғана біздің елшілік тарапынан осы елдің аумағында заңсыз жүрген азаматтарға қатысты осындай шаралар жоспарланып отырғаны туралы хабарлама шықты. Соған сәйкес бұл мәселені шешуге шақыру да жіберілді. Қанша азаматтың заңсыз жүргені туралы статистика есімде жоқ, бірақ олардың барлығына ескертулер жіберілген, - деді Қоныспаев.
369 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ
Еске салайық, бұған дейін желіде АҚШ билігі елде заңсыз жүргендерді қуып жатқаны туралы және оның ішінде 369 қазақстандық бар екені туралы хабар тараған болатын. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл ақпаратты жоққа шығарып, түсініктеме берді.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде АҚШ жаңа президентінің саясатына байланысты сол елде заңсыз жүрген мыңдаған мигранттар депортацияланады деген ақпарат кеңінен тарап жатыр. Смадияровтың сөзінше, барлығы Fox News-тың хабарламасына жүгініп жаңалық жасап жатыр. Оған қоса депортацияға жататын мигранттардың арасында 369 қазақстандық та бар екен-мыс.
- Ал сол ақпаратты тексеріп қарасақ, Fox News бұл жаңалықты 2024 жылғы 11 желтоқсанда жариялаған. Сондықтан ол ақпарат АҚШ-тың көші-қон бойынша жаңа саясатына еш қатысы жоқ. Жалпы алғанда, депортация деген бір мемлекеттен жағымсыз тұлғаны мәжбүрлеп шығару. Мұндай депортациялау әрбір мемлекетте күнде жүзеге асырылып жатқан қалыпты іс-шара. Сондықтан ол туралы заңсыз келген басқа елдің азаматтарын шекарадан өткізбей немесе заңсыз жүрген тұлғаларды депортацияласа сол елдің билігі елшілік немесе консулдыққа хабарлауға міндетті емес, деп түсіндірді Айбек Смадияров.