×
515.97
537.8
5.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.97
537.8
5.25

Гүлнара Кәрімованың 182 млн доллар активі Өзбекстанға қайтарылады

Гүлнара Кәрімованың 182 млн доллар активі Өзбекстанға қайтарылады
Ulysmedia.kz коллажы

Швейцария мен Өзбекстан Гүлнара Кәрімованың тәркіленген активтерін қайтару туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Өзбекстанның әділет министрлігінің мәліметінше, 6 ақпанда қол қойылған келісім аясында 182 миллион доллар көлеміндегі қаражат Швейцариядан Өзбекстанға аударылады. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады.

- Қаражат Өзбекстанның жекелеген азаматтары тарапынан заңсыз жолмен алынған және 2012 жылы Швейцарияның Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрімоваға қатысты қылмыстық іс аясында толығымен тәркіленген, – деп мәлімдеді Өзбекстанның Әділет министрлігі.

ГҮЛНАРА КӘРІМОВА

Гүлнара Кәрімова — Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы. 2013 жылдан бастап Гүлнара Кәрімоваға қатысты сыбайлас жемқорлық және ақшаны жылыстату айыптары бойынша тергеулер жүргізілді. 2015 жылы ол ұрлық және бопсалау айыптары бойынша 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. 2017 жылы жаңа айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, кейін бұл жаза 5 жылға үйқамаққа ауыстырылды. 2019 жылы үйқамақ шарттарын бұзғаны үшін жалпы режимдегі колонияға ауыстырылды. 2020 жылы Ташкент қалалық соты оны қастандық, бопсалау, ысырап ету және ақшаны жылыстату сияқты айыптар бойынша 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. 

2024 жылдың желтоқсанында Гүлнара Кәрімова Ташкент облысының Зангиата ауданындағы әйелдер колониясынан сол ауданның колония-қонысына ауыстырылды.  

Швейцария прокуратурасы Гүлнара Кәрімованы халықаралық қылмыстық ұйымды басқарды және ақшаны жылыстатты деп айыптады.