Ұлттық статистика бюросы орташа айлық жалақының ең көп өсімі ақпарат және байланыс салаларында тіркелгенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
2024 жылдың IV тоқсанында бағалау бойынша жалақының медианалық мәні 308 717 теңгені құрады. 2024 жылдың IV тоқсанында атаулы жалақының орташа мәні 434 982 теңгеге жетті..
2023 жылдың тиісті тоқсанына өсім 10,5%, нақты мәнде өсім 1,8% құрады. Төртінші тоқсанда орташа жалақы мөлшерінің өсуі жыл қорытындысы бойынша қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылар есебінен еңбекақы қорының ұлғаюына байланысты болды, - делінген хабарламада.
Орташа айлық жалақының ең көп өсімі ақпарат және байланыс салаларында – 32,8%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығында 22,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,3% тіркелді. Денсаулық сақтау мен халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде орташа айлық жалақы – 7,6%, білім беруде 5% өсті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге үш жылға 32 млрд теңге бөлу жоспарланғаны хабарланған еді.