Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстаннан жеткізілген тауықтардан қауіпті бактерия табылды деген ақпаратқа қатысты қосымша талдау жүргізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САПАРОВ НЕ ДЕЙДІ
Министрдің айтуынша, қазақстандық тауық етінен ешқандай бактерия анықталмаған. Бұған дейін БАҚ-та тараған ақпарат расталмады.
- Біз өзіміз де қосымша тексеру жүргіздік, талдау жасадық. Кеше шықққан нәтижелер бойынша ештеңе анықталған жоқ. Бұрынғыдай экспорт жасай береміз. Бірақ сақтық үшін Ресей тарапы маркетингтік цифрлық нарық бойынша бақылауды күшейтті, – деді Сапаров.
Министр бұл жағдайдың техникалық қателік болуы мүмкін екенін атап өтті.
АҚПАРАТ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Еске салайық, 31 қаңтарда Қазақстаннан Ресейге жеткізілген тауықтардан қауіпті бактерия анықталғаны туралы ақпарат тараған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.
29 қаңтарда “Россельхознадзор” құс өнімдерінде листериозды бактерияның анықталуына байланысты «Макинская құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде зертханалық бақылау күшейтілгенін хабарлаған болатын. Бұл компания өз өнімдерін экспорттай алады, бірақ әрбір партия тексерілетін болады деген сөз.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕДІ
Министрлік өкілдері Қазақстан Россельхознадзордан әзірге зертханалық сынақ нәтижелерін растайтын ақпарат алмағанын айтты.
- Зертханалық бақылау күшейтілген кезде кәсіпорын өндірген бақылаудағы тауарлар бір мүше мемлекеттің аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумақтарында тасымалдануы мүмкін, бірақ әрбір партия бұл ретте кейінгі зертханалық бақылау үшін сынама алуға тиіс. Қазіргі уақытта комитетке Россельхознадзордан зертханалық зерттеулерді растайтын нәтижелері туралы ақпарат келген жоқ. ЕАЭО №94 ережесіне сәйкес уәкілетті органдар барлық мүдделі тұлғаларды анықталған бұзушылықтар туралы 10 жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті”, дейді министрлік өкілдері.