Прокуратура Атбасар колониясында азаптау туралы резонанс тудырған іс бойынша апелляциялық өтініш жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады және қылмыстық іс Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен қаралғанын еске салды.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің үкімі негізінде Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің «№1 мекеме» РММ-нің бұрынғы 12 қызметкері ақталды.
Атбасар қаласындағы №1 түзеу мекемесінде бұрынғы лауазымды тұлғалары сотталғандарға азаптау әрекетін қолданғаны үшін айыпталған.
Алқабилердің үкіміне сәйкес, айыпталушылар кінәсіз деп танылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабы, 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмысты жасаудағы айып бойынша ақталды.
Ақмола облысының прокуратурасы сот актісімен келіспей, 2025 жылы 14 ақпанда апелляциялық өтінішхат енгізді.
БАС ПРОКУРОРҒА ҮНДЕУ
Еске сала кетейік, алқа билер соты Атбасар колониясындағы азаптау ісінде сотталушыларды ақтағаннан кейін Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының (ҮЕҰ) азаптауға қарсы коалициясы бас прокурор Берік Асыловқа жүгінген еді. Олар белсендіні азаптау туралы оқиға видеодан кейін ғана белгілі болғанын, ол бейнеде колония қызметкерлерінің тұтқынды азаптағаны анық көрінетінін атап өткен.
АҚТАЛҒАНДАР
Атбасар түрмесінде Тимур Дәнебаевты азаптағандардың ақталып кеткенін бұған дейін жазған едік. Іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Қылмытсық атқару жүйесінің бұрынғы 12 қызметкерінің бәрі ақталып шықты. Қамауға алынған үш адам босатылды. Қазір барлық ақталғандар "заңсыз қылмыстық қудалау" үшін өтемақы талап етуге құқылы.