Түрксіб аудандық соты Air Astana әуе компаниясын Ақтөбеден шыққан әке мен қызына мүліктік шығын мен моральдық зиян өтеп беруге міндеттеді. Бұл туралы адвокат Данильхан Шагатаев өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өткен жазда отбасы Түркияда демалуды жоспарлап, туроператордан жолдама сатып алған. Олар турдың басталуына екі күн қалғанда Ақтөбеден Алматыға ұшуы керек болған, алайда әуе кемесінің ақауына байланысты ұшақ ұшпаған.
"Air Astana рейстің басқа әуе кемесімен орындалатынын хабарлап, жолаушыларды күтуге шақырды. Бірақ рейс бірнеше рет кейінге шегеріліп, кейін мүлде тоқтатылды. Осыдан кейін Air Astana рейстің FlyArystan арқылы жүзеге асатынын хабарлағанымен, бұл ақпарат жалған болып шықты. FlyArystan өз рейсіне басқа рейстің жолаушыларын кіргізуден бас тартты. Соның салдарынан жолаушылар екі күн уақыт жоғалтып, Алматыға жете алмады", – деп түсіндірді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, сотқа дейін Air Astana барлық билеттердің, оның ішінде туристік жолдамамен алынған билеттердің ақшасын қайтарды. Сонымен қатар, сот шешімі бойынша әуе компаниясы әке мен қызына шамамен 1 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.