АҚШ президенті Дональд Трамп бір апта ішінде Украинада соғысты тоқтату туралы келісім жасағысы келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы журналистерге Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт хабарлады. Ол Трамп әкімшілігі бұл мәселеде белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.
Президент пен оның командасы қақтығысты тоқтату үшін екі тараппен келіссөздерді жалғастырады. Ол бұл мәселені бір апта ішінде шеше алатынына сенімді, — деді Левитт америкалық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Естеріңізге сала кетейік, сейсенбі, 18 ақпанда Эр-Риядта Украина мәселесі бойынша АҚШ пен Ресей өкілдері бес сағат бойы келіссөз жүргізген. Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков келіссөздер «жақсы өтті» деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио кездесуді «ұзақ, бірақ маңызды жолдағы алғашқы қадам» деп атады. Тараптар дипломатиялық миссиялардың толыққанды жұмысын қалпына келтіруге және елшілерді тағайындауға келісті.
Сәрсенбі, 19 ақпанда әлем жұртшылығын АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскийге қатысты айтқан сөздері таңғалдырды. Ақ үй басшысы оны «сайланбаған диктатор» деп атады, «нашар жұмыс» істеді, «оның рейтингі өте төмен» және «жеңілетінін біле тұра соғысқа кірісті» деп айыптады.
21 ақпан, жұма күні кешке Дональд Трамп Fox News-ке сұхбат берді. Онда Трамптың Украина билігіне қатысты риторикасы одан да агрессивті болды. Америка президенті Зеленскийді Украинадағы келіссөздерде көргісі келмейтінін айтты, өйткені оның қатысуы «соншалықты маңызды емес» деді. Сонымен қатар Трамп соғысқа жауапты адамдар ретінде Зеленский мен Джо Байденді атады.