Украина президенті Владимир Зеленский егер елде бейбітшілік орнатуға ықпал етсе, мемлекет басшысы қызметінен кетуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол бұл жайлы Киевтегі баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді. Украинаға қауіпсіздік кепілдігі беріліп, НАТО-ға мүше болған жағдайда ғана сол қадамға баратынын айтты.
Егер бейбітшілік үшін сіздер менің қызметіммен қош айтысқанымызды қаласаңыздар, мен кетуге дайынмын. Мен оны Украинаның НАТО-ға мүшелігіне айырбастай аламын, - деді Зеленский.
Сонымен қатар, Украина президенті АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың "украиндардың Зеленскийді қолдау деңгейі 4% аспайды" деген мәлімдемесіне жауап берді. Зеленский бұл деректерді қате деп атады және оның ел ішінде кең қолдауы бар екенін атап өтті.
Украина көшбасшысы Вашингтонға Украинаның пайдалы қазбалар кен орындарына қол жетімділікті қамтамасыз ету туралы АҚШ-пен келіссөздерге де тоқталды. Оның айтуынша, пікірталас жалғасып жатыр. Зеленский "өзімізден кейінгі он ұрпақтың мойнына жүк болар келісімне қол қоймайтынын" ашық айтты.
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ПЕН ТРАМП ФАКТОРЫ
Ресейге Украинаны бағындыру үшін үш жыл жеткіліксіз болды. Әлем АҚШ-тың жаңа президенті өз уәдесін орындап, соғысты тоқтатады деп күтті. Алайда ол үміт ақталмағаны былай тұрсын, жағдай қазіргіден де ушығып кеткен сыңайлы: Трамп АҚШ-Еуропа қарым-қатынасын шиеленістірді, Зеленскийді заңсыз президент деп жариялады және Путинмен үзілген байланысты жандандыруға қадам жасады. Ulysmedia.kz сайтының сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Бисенбаев осы соғыстың қалай басталып, қалай жалғасып жатқаны және немен аяқталуы мүмкін екенін талдап көрген еді.
Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Трамптың Путинмен кездесуінің шартын атаған.