Белгілі әнші, сазгер Нұрлан Еспанов "ҚР Еңбек сіңірген қайраткері" атағы неге алмағаны туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"АҚКӨҢІЛДІГІМ БӘРІН ҚҰРТТЫ"
Танымал әнші Нұрлан Еспанов "Астарлы ақиқат" бағдарламасында өзінің өнер жолында бастан кешкен оқиғаларын баяндады. Ол өзінің адалдығы мен ақкөңілдігі кей жағдайларда алданыш болғанын ашық айтты.
"Менің ақкөңілдігім бәрін құртты. Бір үлкен азаматымызға: "Сіздер мені 10 жыл алдадыңыздар ғой. Неше түрлі қағаз жинаттыңыздар. Неге мені өздеріңіз іздемейсіздер?" - дедім. Мен сіздер үшін көп нәрсе тегін жасадым ғой", - деді Еспанов.
"ӘНШІГЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ КӨРСЕТКІШІ ЕМЕС"
Әнші өзіне айтылған сындардың бірі Instagram желісіне қатысты екенін жеткізді.
"Сенің Instagram парақшаңда бір іліп алар салмақты дүние жоқ қой" - деді. Мен болсам: "Ол менің контент үшін ашқан парақшам ғой. Өмірде қандай екенімді қайдан білесіздер?" - деп жауап бердім", - деді ол.
"ОН ЖЫЛ УӘДЕ, АЛ АТАҚ БАСҚАЛАРҒА БҰЙЫРДЫ"
Нұрлан Еспанов ұзақ жылдар бойы "ҚР Еңбек сіңірген қайраткері" атағын ала алмағанын айтты.
"10 жыл уәде берді ғой. Менен 10 жас, 20 жас, бір күні 30 жас кіші балалар "ҚР Еңбек сіңірген қайраткері" атағын алып жатты ғой", - деді әнші.
"АТАҚҚА ТАЛПЫНҒАНЫМЕН, НӘТИЖЕСІЗ БОЛДЫ"
Сұхбат барысында әнші үлкен қызметке де талпынып көргенін, бірақ оның да сәтсіз болғанын атап өтті.
"Сенің географияң келгенімен, биографияң келмейді" - деген сөз айтылды", - деп қорытындылады ол.
НҰРЛАН ЕСПАНОВ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ
Нұрлан Еспанов – қазақстандық әнші, композитор және продюсер. Ол өзінің музыкалық мансабын 1990-жылдары бастады.Еспанов көптеген хит әндердің авторы және орындаушысы.Оның шығармашылығы халықтық әндер мен заманауи эстраданың үйлесімінен тұрады.