Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ulysmedia.kz тілшісінің Оңтүстік Кореяға қазақстандықтардың еңбек етуге бару мүмкіндігі жайлы сұраққа жауап берді.
САРБАСОВ НЕ ДЕЙДІ
Осы шаруа бойынша Қазақстанның сыртқы істер министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Оңтүстік Кореяға хат жолдадық. Жауабын күтіп отырмыз, – деді Сарбасов.
Мұндай жауапты еңбек министрлігі бұрын да хабарлаған. “Яғни, жауап әлі күнге дейін келмей жатыр ма?” деген сұраққа “иә, олар бізге хабарын берген жоқ, бірақ біз дайынбыз” дейді ол.
Оңтүстік Корея билігі жауап берген жағдайда Қазақстанның жұмысшыларына арнап квота береді. Оны сол елдің билігі шешеді.
БЫЛТЫРҒЫ АҚПАРАТ
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев былтыр Қазақстан азаматтары заңды түрде Оңтүстік Кореяға барып, үш жыл жұмыс істей алатынын айтқан еді. Ертаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге рұқсат беру жүйесі енгізу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Осы айдан бастап қазақстандықтарды аталған елге жіберуге арналған Сапар орталығын ашу жұмыстары басталған. Орталықтың негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерге тілдік курстарды оқыту, корей тілінің тестілеуі, біліктілігін арттыру. Осы Сапар орталығы арқылы Қазақстан азаматтары үш жылға дейін жұмыс істейді.