Мектеп оқушыларының дәретханадағы ойыны жұртты шошытты. Әлеуметтік желіде Талдықорғандағы мектептердің бірінде түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОЙЫН ТУРАЛЫ
Видеода жоғары сыныптың оқушылары басқа оқушыны кіргізіп, оны қорлап, былапыт сөздер айтып жатқанын байқауға болады.
- Абай атындағы мектепте не масқара болып жатыр? Оқушылар неге бетімен кеткен? Ата-аналар, балаларыңызды байқаңыздар. Видео Тиктоктан алынған. Балалар өзі видеоға түсіріп, тиктокқа салып жіберген, делінген видеода.
БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ
Талдықорғанның білім басқармасының тәрбие ісі жөніндегі методисі Ұлжанат Жақұбаеваның сөзінше, ең алдымен дәретханада болған жағдайға қатысы барлар мен олардың ата-анасы анықталған.
- Артынша профилактикалық әңгіме жүргізіліп, оқушылардың әрекетіне баға берілді. Тараптардың бір-біріне шағымы жоқ. Қазіргі уақыта ақпарат полиция басқармасына жіберілді, дейді Ұлжанат Жақұбаева.
Балалардың ата-анасына айыппұл салынған.
КІМДЕР ЖҰМЫСТАН КЕТТІ
- Оқиғаға қатысы бар балалар есепке алынды. 9-сынып оқушылармен әңгіме жүргізілді, қазіргі таңда балалардың психологиялық жағдайы тұрақты. Дүйсенбіден бастап сынып жетекшісі, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары жұмыстан кетеді. Ал мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланды, дейді Талдықорғанның білім басқармасының басшысы Шынар Шәріпбаева.