Украина президенті Владимир Зеленский Киев пен Вашингтон жаңа кездесуді ұйымдастыруға дайындалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Euronews мәліметінше, Зеленский АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздерде «оң динамика» байқалатынына және екі тарап та алдағы кездесуге жұмыс істей бастағанына сенімді.
Украина президенті әкімшілігінің басшысы Андрей Ермак АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Вальцпен телефон арқылы сөйлесті. Ермак, өз кезегінде, «Вальцпен әділ және тұрақты бейбітшілік жолындағы келесі қадамдарды талқылағанын» жазды және АҚШ пен Украина арасындағы екіжақты қарым-қатынастардағы «позицияларды үйлестіру» туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар, ЕО саммиті алдында Зеленский Нидерланды, Португалия, Словения және Германия басшыларымен сөйлесті. Украина басшысы оларға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан.
БҰҒАН ДЕЙІН
28 ақпанда Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі бүкіл әлемнің назарына ілінді. Кездесудің шиеленісті сипаты мен күтпеген нәтижесін атап өтпегендер кемде-кем.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі күтпеген жерден дау-дамаймен аяқталып, келіссөздердің мерзімінен бұрын тоқтауына апарып соқты. Бүкіл әлемдік БАҚ Трампты сынға алды, әсіресе танымал Daily Mail басылымының мақаласы «Трамп жұма күні қазіргі заман тарихындағы ең үлкен дипломатиялық апаттардың біріне жетекшілік етті» деген тақырыппен шықты.