Франция президенті Эммануэль Макрон ұлтқа жолдаған үндеуінде Ресейден келетін қауіп-қатерлерге байланысты құрлықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Францияның ядролық тежеу әлеуетін пайдалану мәселесін еуропалық одақтастарымен талқылайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол Киевке қолдауды жалғастыру қажет екенін атап өтіп, Ресейдің бүгінгі күні және ұзақ мерзімге Франция мен Еуропа үшін қауіпке айналғанын мәлімдеді.
Америка Құрама Штаттары – біздің одақтасымыз соғысқа қатысты ұстанымын өзгертті. Украинаға көрсетілетін қолдауды азайтып, алдағы жағдайға қатысты белгісіздік тудырып отыр. Біз жаңа дәуірге қадам басқанымызды ашық айтуымыз керек, – деді Макрон.
Бұдан бөлек, ол қазіргі жаһандық тәртіптің бұзылып жатқанын айтып, "біздің құрлықтағы бейбітшілік енді өздігінен қамтамасыз етілмейді" деп атап өтті. Сондай-ақ "Украина қазір жаһандық қақтығысқа айналды" деп мәлімдеді.
Макрон еуропалық одақтастарымен Францияның ядролық тежеу күштерін Ресей тарапынан төнетін қауіп-қатерге қарсы құрлықты қорғау үшін қолдану мүмкіндігін талқылайтынын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Макрон Украинаға жүздеген миллиард еуро көлемінде көмек көрсетуге уәде берген болатын.