Гренландияның қызметінен кетіп жатқан премьер-министрі Муте Эгеде АҚШ президенті Дональд Трамптың аралды аннексиялау туралы кезекті мәлімдемесінен кейін партия көшбасшыларының кездесуін ұйымдастырып, оған «қатаңырақ» жауап беруге ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«АҚШ президенті біздің елді аннексиялау туралы тағы да сөз қозғады. Мен мұны мүлдем қабылдай алмаймын. Сайлау нәтижелеріне деген құрметіме қарамастан, Гренландия үкіметінің уақытша төрағасы ретінде партия көшбасшыларын шұғыл түрде жинау – менің міндетім. Біз Трампқа әлдеқайда қатаң әрі батыл жауап беруіміз керек», – деп мәлімдеді ол.
Премьер бұл арал тұрғындарының мүддесін елеусіз қалдыруға болмайтынын ерекше атап өтті.
ТРАМП НЕ ДЕДІ
Гренландия бойынша келісімді жасауға тура келеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуде мәлімдеген еді.
Меніңше, бұл іске асады. Бұған дейін ойланбаған едім, бірақ қазір қасымда өте пайдалы болуы мүмкін адам отыр, — деді Трамп.
Ол Нидерланд премьер-министрі Марк Рюттеге бұрылып «Марк, бұл халықаралық қауіпсіздік үшін қажет… Себебі біздің сүйікті ойыншыларымыз жағалау бойымен жиі саяхаттайды» деп толықтырды.
Басылымның мәліметінше, Рютте Трамптың Гренландияны аннексиялау туралы мәлімдемесіне түсініктеме бермеген, алайда АҚШ президентінің Солтүстік Арктикадағы қауіптің күшеюі жөніндегі сөздерімен келісетінін жеткізген.
ЕКІ ҚОЖАДАН БІРЕУІ АРТЫҚ
Гренландиялықтар Даниядан тәуелсіз болғанды қолдайды, өйткені өз елінің іс жүзінде колониялық жағдайда қалуын қаламайды.
Дания Гренландияға ішкі басқару билігін әлдеқашан берген, бірақ тегін білім мен медициналық қызметті қаржыландыруды жалғастырып келеді. Ал қорғаныс пен сыртқы саясат Копенгагеннің құзырында.
Жыл сайын Дания Гренландия бюджетінің жартысынан астамын жабатын 600 миллион еуроға жуық қаржы бөледі. Соңғы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, арал тұрғындарының 80%-дан астамы тәуелсіздікті қолдайды, алайда ешқандай қаржылай қолдаусыз толық ажырауға дайын халықтың саны әлдеқайда аз.
«Ешкім пышақ қайрап, „тәуелсіздік! тәуелсіздік!“ деп ұрандап жатқан жоқ», – дейді әлемге әйгілі гренландиялық геолог Миник Росинг. – Көпшілік денсаулық сақтау, мектептер, қайыққа қандай мотор орнату керегі, бүгін дизельдің қанша тұрғаны сияқты күнделікті мәселелерді талқылап жүр».
Парламентте сепаратистер басымдыққа ие. Қазіргі билік өз уақытында Даниядан тәуелсіздік алу бойынша референдум өткізуді уәде етті. Алайда гренландиялықтар АҚШ-тың ықпалына, әсіресе Дональд Трамптың билігі кезінде, түскенді қаламайды.