×
496.41
542.77
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
496.41
542.77
6.05

Парламентке жұмысқа аяғым дірілдеп келеді – Ринат Зайытов

Бүгін, 11:57
Парламентке жұмысқа аяғым дірілдеп келеді – Ринат Зайытов
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов "Президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі" тақырыбында өтіп жатқан мәжіліс отырысында қоғамның өзекті мәселелері жөнінде көзқарасын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЗАЙЫТОВ НЕ ДЕЙДІ

Депутат мәжіліске келген соң қазақта «балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдаса» деген сөздің мәнін түсінгенін айтты. Күнделікті жұмысқа келетін сапарында
“әр қадамы аяғымды еріксіз дірілдетеді” деді.

Өйткені күнделікті Мәжіліске жұмысқа келе жатқан әр депутаттың әр қадамында халықтың үміті, халықтың аманаты және халықтың тағдыры бар. Қазақ үшін қашаннан да бері елдің аманаты мен сенімінен ауыр жүк жоқ. «Дөп» бассаң – ел үмітін ақтаған ерсің, «қалт» бассаң – жаудан бетер езсің! Кейде тіпті көтерген сұрағыңа орынсыз сын тағып, «Осы мәселе сендер қозғайтын тақырып па? Неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелер қозғайды» деп жатады. Өз басым бұл сынмен келіспеймін. Себебі біз – бір мемлекетпіз! Сондықтан ұсақ, ірі демей, әр мәселеге бірдей жұмылуымыз керек. Шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыру керек. Жұмыла көтерсек, жүгіміз жеңілдейді. Құдайға шүкір, Мәжіліске келген уақыттан бері қадамымыз нықталып, бойымыз шынығып келе жатыр. Себебі Мәжілістің бүгінгі құрамы қазақтың ертеңіне жарайтын, кейінгі буын ұқсата білсе, одан да арғы ұрпақ та қызығын көретін заңдар шығарып жатыр деп айта аламын, – деді ол.

Ринат Зайытов дегенмен, беталысымыз жаман емес деп, бүгін де мемлекетте болып жатқан өзгерістерді «көрмес» қана байқамайтынын айтты.

Бұл ретте парламенттің ықпалы айтарлықтай артып, халық депутаттардың кім екенін, олардың не істейтінін тереңірек түсінді. Мәжілісте апта сайын сауал жолдап, үкімет мүшелерін сұрақтың астына алып жатқан депуттарға қарап халықтың ойындағы өшкен үміт қайта тірілді. Бұрын ел арасында, көшеде ғана айтылып, ұзаса бірер ереуілменен амалсыз басылып қалатын халықтың үні бүгінде төрге жетті. Елдің көкейінде жүрген түйткілдің бәрін осында қоғам белсенділерімен, сарапшылармен бірге бүкпесіз талқылаймыз. Парламент халыққа ашық түрде жұмыс істеп жатыр. Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ. Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді.Халықтың үні, тағдыры мен болашағы, өмірі мен өзегі, ол – Парламент, – деді ол.

Сөз соңын Ринат Зайытов өлеңмен аяқтады:

Болсақ дағы қанша жерден ірі біз

Бәріміз де жаратқанның құлымыз.

Мемлекеттің шын ойласақ ертеңін

Таптамайық бірімізді біріміз

Даттамайық бірімізді біріміз

Қанша батпан болса дағы мұңымыз

Бәрі өтпелі екендігін біліңіз

Жалтыраған бұйымы үшін жалғанның

Таламайық бірімізді біріміз

Сабамайық бірімізді біріміз

Қанамайық бірімізді біріміз

Бәрі ортақ: жер мен аспан, күніміз.

Ауылымыз, дәстүріміз, тіліміз.

Келешегі болу үшін солардың

Атпайықшы бірімізді біріміз

Сатпайықшы бірімізді біріміз.

Сақтайықшы бірімізді біріміз!