×
502.83
545.37
5.95
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
502.83
545.37
5.95

«Қазақмыстың» кінәсі 100%: Үкімет «Жомарт» кенішіндегі трагедиядан не түйді

20.03.2025, 15:44
«Қазақмыстың» кінәсі 100%: Үкімет «Жомарт» кенішіндегі трагедиядан не түйді
Ulysmedia.kz коллажы

Үкіметтік комиссия Ұлытау облысындағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның «Жомарт» шахтасында орын алған апаттың себептерін зерттеп, тергеу жүргізген. Тергеу нәтижесі жөнінде мәліметтерді премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында келтірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Апатты жан-жақты әрі сапалы тергеу мақсатында үкіметтік комиссия аясында тиісті бағыттар бойынша 8 қосалқы комиссия құрылып, ғылыми-зерттеу институттарының, зертханалардың және мамандандырылған ұйымдардың сарапшылары тартылған. Тергеу қорытындысы бойынша апаттың негізгі себебі – шахтадағы тау-кен қазбаларында метанның ауа қоспасының тұтануы. Бұл жарылыстан қорғалмаған электр жабдығын пайдаланудың салдарынан болған.

Қосымша себептер Бектенов мына факторларды атап өтеді:

  • Метанның қауіпті концентрацияда жиналуы тау-кен қазбасындағы тектоникалық бұзылысқа байланысты, бұл метанның жарықтардан бөлінуіне әкелген.
  • Желдету жүйесінің тиімділігінің жеткіліксіздігі.
  • Шахтадағы метан құрамына уақтылы газдық бақылау жүргізілмеуі.
  • Жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан қауіпсіз өндіріс үдерістеріне тиісті бақылау жасалмауы.

Жұмыс берушінің кінәсі 100% деп танылды. Ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр, – делінген жауапта.

Еске салайық, бұған дейін кейінгі 15 жылда «Қазақмыс» кәсіпорындарында қанша қызметкер қаза тапқанын жазған едік. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің жеті қызметкерінің денесін тапты

Артынша Ұлытау облысында үйінді астында қалған жеті кеншінің суреттері жарияланды. Сонымен қатар, 20 ақпанда «Қазақмыс» қаза тапқан жеті кеншінің отбасына көрсетілетін көмекке қатысты мәлімдеме жасады.

ШАХТАДАҒЫ АПАТ

Биыл 17 ақпан күні кешке Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясының "Жомарт" кенішінде тау-кен массасы құлаған. Сол жерде шахтаның жеті қызметкері болды. Кабельдердің үзілген соң жұмысшылармен байланысу мүмкін болмаған.