Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаны қолдайтын елдер коалициясының көшбасшылары Парижде бас қосатынын растады. Саммитте бейбітшілік сақтау күштерін жіберу мүмкіндігі мен Киевке қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері талқыланбақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, келесі аптада Еуропа көшбасшылары Франция астанасында бас қосып, Украинадағы бейбіт келіссөздерге қатысты ортақ ұстанымды талқылайды.
«Біз келесі бейсенбіде Парижде "қалағандар коалициясының" кезекті кездесуін өткіземіз. Жиынға Украина президенті Владимир Зеленский де қатысады», — деді Макрон Ұлыбританияда 20-дан астам елдің әскери қолбасшыларымен өткен кездесуден кейін.
Бұған дейін Макрон 30 елдің көшбасшыларын Киевке қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету жоспарын әзірлеуге шақырған еді.