×
502.83
545.37
5.95
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
502.83
545.37
5.95

Біз өзімізді қорғай алуымыз керек – Еуроодақ елшісі Макронның “ядролық” жоспары туралы айтты

23.03.2025, 15:50
Біз өзімізді қорғай алуымыз керек – Еуроодақ елшісі Макронның “ядролық” жоспары туралы айтты
Видеодан алынған кадр

Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич Францияның ядролық әлеуетін бүкіл Еуропаны қорғау үшін пайдалануды ұсынған Эммануэль Макронның жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл сұрақты елшімен болған сұхбат барысында Ulysmedia бас редакторы қойды. Ол Макрон бір күн бұрын ғана ресейлік қауіп туралы айтып, бүкіл Еуропалық одаққа қорғану үшін Францияның ядролық арсеналын пайдалануды ұсынғанын атап өтті. Алешка Симкич Батыстың соғысқа қатысқысы келмейтінін, бірақ агрессия жағдайында өзін қорғай білуі керек екенін түсіндірді.

ДӘЙЕКСӨЗ

- Мұның қисыны бар сияқты. Ресейдің Украинаға жасаған шабуылы БҰҰ жарғысын бұзған сәтте бәрі мүмкін. Бұл мәселеде толық бейтарап қалуға және өзіңнің қорғанысыңды ойламауға болмайды. Сондықтан Еуропалық одақ ендігі жерде қорғанысқа миллиардтаған инвестиция салатыны туралы шаралар пакетін қабылдады. Біз соғысқа қатысқымыз келмейді, ешкіммен соғысқымыз келмейді, бірақ өзімізді қорғай білуіміз керек, – деді ол.

Елші бұған дейін Еуропалық одақтың қорғанысы белгілі бір деңгейде АҚШ-қа тәуелді болғанын атап өтті.

- Еуропалық одақ бейбіт жоба сияқты болды, қарулануға аса көп маңыз бермеді. Біз АҚШ пен басқа елдердің қорғанысына аздап тәуелді болдық. Енді Еуропалық одақ ретінде өз қорғанысымызды ойлау керек екенін түсінеміз. Сол себепті біз қорғаныс бюджетін ұлғайтамыз. Сондықтан президент Макрон қазірдің өзінде кейбір елдерде ядролық қару бар екенін еске салады. Меніңше, біз қорғанысқа көбірек инвестиция салуымыз керек, – деп қосты Симкич.

Естеріңізге сала кетейік, Симкич Қазақстанда ЕО елшісі ретінде жарты жылдан бері қызмет атқарады. Ол – Словенияның тумасы, дипломатиялық қызметте істеп келе жатқанына 26 жыл болған. Мәртебелі мейман Ulysmedia порталына сұхбат беруге келісті және әңгіме барысында соғыс пен бейбітшілік, санкциялар, USAID-тің жабылуы тақырыптарын қозғап, Трамп туралы не ойлайтынын айтты. Сондай-ақ Украинаны ЕО-ға неге қабылдамайтынын және одақтың Қазақстанға деген қызығушылығы неде екенін түсіндірді.