Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметулин Каспий құбыр концорциумының (КҚК) Кропоткинская мұнай айдау станциясына жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СҰРАҚ
“Бұған дейін Украина тарапы шабуыл жасағанын мойындаған. Ол кезде сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы ақпаратты анықтаймыз деген. Қазіргі таңда қандай да бір ақпарат бар ма? деп сұрады журналист.
ЖАУАП
- Сыртқы істер министрлігі анықтаймыз деп айтқан жоқпыз. Жоба өкілдерімен жұмыс істейміз деп айттық. Бірінші шабуыл жасалған кезде Украина өкілдерін шақырдық. Біздің алаңдаушылықты жеткіздік. Мұны өкілдер Киевке жеткізді. Екінші шабуыл жасалғаннан кейінші тергеу нәтижесін білмейміз. Біз тек ресейлік БАҚ-тардан ақпарат біліп отырмыз. Сондықтан сол нақтылансын, одан кейін кіммен жұмыс істейтінімізді көреміз, дейді Рахметулин.
ШАБУЫЛ ТУРАЛЫ
Бұған дейін 24 наурызда Каспий құбыры корцорциумының станциясына дрондар шабуылдаған болатын. Бұл туралы Ресейдің Қорғаныс министрлігі ақпарат таратты. Ведомствоның мәлімдеуінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі ұшқышсыз ұшу аппараттарын станциядан 7 шақырым қашықта атып түсірген. Оның қалдықтары Кавказская теміржол бекітінің жақын жерге құлаған.
Естеріңізде болса, 19 наурызда Кавказская станицасындағы мұнай базасына дрондар шабуыл жасап, соның салдарынан қоймасындағы резервуар өртенген. Ал 21 наурызға қараған түні жарылыс болған. Екі өрт сөндіруші жарақат алған. Қызыл жалын 10 мың шаршы метрді шарпыған.
Ресей Қорғаныс министрлігі 19 наурыздағы шабуыл Ресей басшысы Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы телефон арқылы әңгімеден кейін бірнеше сағат өткенде болғанын хабарлады. Осы келіссөздердер кейін Мәскеу мен Киев бір ай бойы бір-бірінің энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасамау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.
Айта кетейік, Каспий құбыры консорциумының Қазақстан үшін маңызы зор. Біздің елде өндірілетін мұнайдың 75%-ы Теңіз-Новороссийск арқылы тасымалданады.