АҚШ енгізген сауда тарифтері әлемдік тәртіптің өзгеруіне алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қытай мен Америка арасындағы экономикалық текетіресте Бейжің басымдыққа ие болады. Бұл туралы The Wall Street Journal (WSJ) газетінің редакциялық мақаласында айтылды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Басылым АҚШ әкімшілігі Қытай импортына тариф енгізгеннен кейін, Қытай билігінің қарсы шараларға барғанын еске салады. WSJ авторлары атап өткендей, Пекин ондаған америкалық компанияға санкция салып қана қоймай, жоғары технологиялық өндіріс үшін аса қажет сирек кездесетін металлдарды экспорттауға шектеу енгізген. Бұл шешім жаһандық жеткізу тізбектеріне елеулі әсер етуі мүмкін.
Мақала авторларының пікірінше, қалыптасқан жағдай ҚХР төрағасы Си Цзиньпин үшін стратегиялық тұрғыдан тиімді.
«Пекин өмірлік маңызы бар импорттық тауарларға балама көз табатынына сенімді. Ал бұған дейін АҚШ-пен экономикалық байланыстарын нығайту арқылы Қытай ықпалына қарсы тұруды көздеген елдер енді қысым астында қалды. Мәселен, Вьетнам, Таиланд, Индонезия мен Филиппинге сәйкесінше 46%, 36%, 32% және 17% көлемінде тариф енгізілді. Жапония мен Оңтүстік Корея да 24% және 25% мөлшеріндегі баж салығымен бетпе-бет келді. Бұл Вашингтонның Қытайға қарсы тұруға қабілетті экономикалық әрі стратегиялық блок құруға бағытталған әрекеттерін тығырыққа тірейді», — делінген мақалада.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың Америка Құрама Штаттарына қарсы жауап ретінде енгізген баж салығы қате шешім екенін мәлімдеген еді.