×
434.07
494.45
5.66
#қаңтар қақтығысы #мұнай #әкімге үш сұрақ #лот ашар #ауыс-түйіс #кибербуллинг #коронавирус #hi-tech
434.07
494.45
5.66

Шымкентте соққы алған әкім орынбасары ауруханаға түсті

05.01.2022, 15:49

Ulysmedia.kz порталының тілшісіне Шымкенттен хабар берген инсайдер кеше түнде қала әкімдігінің ғимаратында не болғанын айтып берді.

Порталдың бірнеше сұрағына жауап берген ол кеше түнде қала көшелеріне мыңдаған адам шыққанын жеткізді.

- Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратына түнде бір топ адамның басып кіргені айтылып жатыр. Жағдай қалай болды?

- Түнгі сағат екі жарым шамасында көше жақтан келген көп адам әкімдіктің ғимаратына басып кіріп, алтыншы қабатқа дейін бәрін қиратқан. Бүкіл бейнекамералардың бәрін жұлған. Барлық кабинеттегі компьютерлер мен ноутбуктарды сындырып, басуға айтуға шыққан әкімдерді қоршауға алып, оның ішінде әкімнің орынбасарына күш қолданған. Қазіргі таңда ол ауруханада.

- Әкімнің қай орынбасары?

- Оны айта алмаймын. Қатты дене жарақаты болған. Бірақ дәл қазір ауруханадан шыққанын немесе шықпағанын айта алмаймын.

- Оның жағдайы қандай?

- Білмеймін. Жаңа сұрағанымда бірқалыпты екенін айтты.

- Ол кісіні түнде жедел жәрдеммен алып кетті ме?

- Жедел жәрдем шақырғанын сұрамадым. Шақырған секілді, өйткені мен сұраған кезде сонымен алып кетті деді-ау.

- Осы жағдайдан кейін адамдарды полиция тарқатты ма?

- Топтасқандар полицияға бағынған жоқ. Полицейлер «бізге күш қолдануға мүлде рұқсат жоқ» деп, тек қарап тұрған. Сол жерде полиция қызметкерлерінің көлігі зақымдалған. Көліктердің барлығы жарамайтын жағдайда. Барлығының видеофиксациялары бар. Әкімдіктің жанында бір көлікті аударып, кәдімгідей жанар-жағармайымен бірге көлік өртенген. Ол да полицияның көлігі. Бірақ полиция тарапынан ешқандай күш қолдану жағдайлары болған жоқ.

- Сіз сол кезде әкімдік ғимаратында болдыңыз ба?

- Мен ол кезде әкімдікте болған жоқпын. Бірақ азанда бардым. Түнде сол жерде болсам, мен де таяқ жер едім. Топтасқан адамдардың қолында арматура, бита болған.

- Ол кісілер беттерін тұмшалап жүрді ме, әлде ашық жүрді ме?

- Ашық жүрді.

- Оны сұрап отырғаным, осы жағдай арандатуға ұқсаған жоқ па? Наразы халықтың кейпінде қызметтегілер немесе басқа мүдделілер қарапайым адамдай киініп алып, провакация жасауы мүмкін деген де нұсқалар айтылып жүр ғой. Кеше түнде Шымкент әкімдігінің ғимаратындағы жағдай сондайға ұқсамай ма?

- Ол жағынан хабарым жоқ. Білерім, олардың өздері жақсы дайындалған. Барлығының қолында арматура мен бита болған.

- Қазір әкімдіктің ғимараты қалай? Ретке келтіріліп жатыр ма?

- Иә, жиналып жатыр. Азанда барып, оның бәрінің видеофиксациясын жасадым.

- Жараланған бір кісі ғана ма?

- Ол жайлы ақпаратты таратып жатқан жоқ. Бірақ, кәдімгідей қақтығыс орын алды. Үлгергендер әкімдіктен қашып шықты. Ғимараттың күзет қызметкерлерін бір бұрышқа ытқытып, тығып шыққан.  

Шымкенттегі түндегі оқиғаны бейбіт шеру деп айтуға келмейді. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Бізде әлі басылған жоқ деп жатыр. Көзбен көріп келдім. Жаңаөзендегі болып жатқаны – бейбіт шеру. Ал біздегісі бейбіт шеру емес. Ертеңгі күні мені сөгіп, сыртымнан боқтап жататындар шығар, сырттан көргенімдей, көбі ішкілік ішілген. Жастарды арандатуға еріп кетіп жатқандай көрінді маған. Арандатуға ермей, нақты талап айт десе, талап та айта алмайды бізде кеше көшеге шыққандар. Нақты өздерінің ұсыныстары жоқ. Жаңаөзенде үш күн шеру болса да, бірде-бір көліктің қиратылмағанын естіп жатырмыз. Ал бізде жүзден аса көлікке зақым келіп, шығын шаш етектен болып жатыр. Әкімдікті қирату, ұрып-соғу, арматурамен бару – бұзақылық.

Шымкент әкімдігінің ресми сайтында әкімнің бес орынбасары бары жазылған. Олар: Шыңғыс Мұқан, Мақсұт Исахов, Айбек Сәттібаев, Мәулен Айманбетов, Ерғали Білісбеков. Әкімнің баспасөз хатшысына хабарласқанымызда ол әкімдік ғимаратында түнде шынында да, адамдардың басып кіргенін растағанымен, қай орынбасардың жарақат алғанын айтпай, орынбасарларының бірінің ауруханаға түскенін растамады.