АҚШ-та ғалымдар 12 мың жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жойқын қасқыр (dire wolf) деп аталатын жыртқыш түрін қайта тірілтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы The New York Times басылымына сілтеме жасап.
«Жойқын қасқырды» қайта тірілту жобасын Даллас қаласындағы Colossal Biosciences биотехнологиялық компаниясы іске асырған. Бұл ұзақ әрі күрделі ғылыми үдеріс болған. Зерттеушілер АҚШ-тағы бірнеше музеймен бірлесіп, жойылып кеткен жыртқыштардың ДНҚ-сы сақталған үлгілерін іздестірген. Соның нәтижесінде, Айдахо штатынан шамамен 72 мың жыл бұрынғы қасқырдың бас сүйегі, ал Огайодан 13 мың жылдық тіс табылған.
Компания өкілі, доктор Бет Шапироның айтуынша, жойқын қасқыпдың бейнесін қалпына келтіру үшін ғалымдар сұр қасқырдың жасушасын алып, оның геномына 20 түрлі өзгеріс енгізген. Бұл ретте жыртқыштың басты ерекшеліктері – ірі дене бітімі, күшті бұлшықеті мен ақ түсті жүн жабыны – басты назарға алынған.
Кейін өзгертілген жасушалар үй иттерінің жұмыртқа жасушасына енгізіліп, ірі тазы тұқымдас иттер суррогат ана ретінде пайдаланылған. Соның нәтижесінде үш бірдей күшіктен тұратын лютоволк төлі дүниеге келді. Екі еркек төбетке Рим қаласының негізін қалаған, қасқыр асыраған бауырлар – Ромул мен Рем есімдері берілді. Ал екі айлық ұрғашысы «Тақтар ойыны» телехикаясындағы кейіпкердің құрметіне Кхалиси деп аталған.