×
514.94
583.74
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.94
583.74
6.13

84 жастағы әйел әкесінің рухына тағзым ете алмай жүргеніне Тимур Турловты кінәлады

10.04.2025, 18:02
84 жастағы әйел әкесінің рухына тағзым ете алмай жүргеніне Тимур Турловты кінәлады
Ulysmedia.kz коллажы

Зейнеткер бар жиған-тергенін Freedom Finance компаниясына инвестиция ретінде салған. Алайда зейнеткердің айтуынша, бір алаяқ брокер оның есепшотындағы барлық қаржыны заңсыз иемденіп алған. Бүгін бір емес, бірнеше жәбірленуші Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстанда осындай жағдайға тап болғандар саны – кемінде 30 адам екенін мәлімдеді. Соған қарамастан, Freedom Finance-тің түпкі иесі Тимур Турлов оларға қол ұшын созуға асығар емес. Ulysmedia.kz тілшісі жәбірленушілердің уәжін тыңдап қайтты.

Арманым күйреді

Аида Лукьянова 84 жаста. Зейнеткер қарттықтың қызығын көруге мұршасы жоқ – күнкөріс үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Биыл ол Жеңістің 80 жылдығына орай соғысы кезінде Курск түбінде қаза тапқан әкесінің соңғы шайқастары өткен жерге барып, бауырластар зиратына қойылған ескерткішті жаңарту жұмысына қатысқысы келген. Осы мақсатпен бар жинаған қаражатын және несиеге алған қаржысын Freedom Finance арқылы акцияларға салған. Алайда алданып қалған.

Мен «Өлмес полк» шеруіне қатысып, Қызыл алаңда жүргім келген. Бірақ, Тимур Русланұлы, сіздің кесіріңізден бұл арманымды іске асыра алмай отырмын, – деді Аида Лукьянова Тимур Турловқа үндеу жасап.

Ол Тимур Турловты өз қызметкерлерінің алаяқ әрекеттерінен хабардар бола тұра, еш шара қолданбады деп есептейді. Айта кетейік, миллиардер Турлов – бұрынғы Ресей азаматы, кейін Қазақстан азаматтығын алған. Сол себепті Аида Лукьянова Freedom Finance-тағы қаржы жымқыру ісін Бас прокуратура тергеп, оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауына алуы қажет деп санайды.

30 адам зардап шеккен

Алаяқ брокерлердің құрбаны болған тағы бір азаматтың қызы Гүлмира Исаеваның айтуынша, Freedom Finance қызметкерлерінің кесірінен Қазақстанда кемінде 30 адам қаржысынан айырылған. Залал көлемі – шамамен 2,5 млрд теңге. Алайда бұл – нақты шегі емес. Егер іске бас прокурор мен президент араласпаса, зардап шеккендер саны одан әрі артуы мүмкін дейді ол.

Біз Ресейде, Украинада және басқа да елдерде дәл осындай жағдайларды анықтадық. Бір рет жазасыз қалған соң, олар алаяқтықты жалғастыра берген. Кейбір жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағымдануға қорқады. Өзім бірнеше рет арыз бердім. Тек үшінші ретте ғана Freedom Finance брокері Бековке (ред. ескертуі – салымшылардың қаржысын иемденді деген күдікке іліккен) қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қолымызда бар дәлел мен айғақ жеткілікті, – дейді Гүлмира Исаева.

Оның айтуынша, қарт адамдар бұл брокерлерге шын сеніп қалған, себебі олар өзін өте сенімді түрде ұстаған. Сөйтіп, жәбірленушілер өздері-ақ есепшоттың кілтін берген.

Бұған дейін БАҚ беттерінде Freedom Finance-тің атқарушы директоры Виталий Светов пен өзге тұлғалардың клиенттердің есепшотындағы қаражатқа қатысты алаяқтық әрекеттері жайлы материалдар жарияланған. Кейін осы тақырыпты егжей-тегжейлі жазған ҚазТАГ агенттігі редакциясына қоқан-лоққы жасалғанын мәлімдеген еді.

Ulysmedia.kz редакциясы Freedom Finance-ке сауал жолдап, компаниядан қазақстандықтардың шағымына қатысты түсініктеме беруді сұрап отыр.