АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаның Ресейге төрт облысты беру туралы мәселе бойынша ұстанымын естіді. Бұл туралы оған Украина мен Ресей жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Келлог Трамппен жеке кездесуі барысында Украина ешқашан Херсон, Запорожье, Луганск және Донецк облыстарының бақылауын Ресейге біржақты түрде беруге келіспейтінін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ұсыныс саяси тұрғыдан да, құқықтық жағынан да, тіпті реттеу шарттары бойынша ішінара келіссөздер жүргізілген жағдайда да мүмкін болмайды.
Бұл мәлімдеме Трамптың тағы бір арнайы өкілі — жуырда Санкт-Петербургке барып, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізген Стивен Уиткоффтың ұстанымына қайшы келді. Reuters агенттігінің мәліметінше, Уиткофф Ресейдің Украина құрамындағы төрт өңірге өз юрисдикциясын ресми түрде мойындауын қолдауды қарастыратын балама стратегия ұсынған. Бұл атысты дереу тоқтатуға бағытталған қадам ретінде аталды.
Агенттік материалында қазіргі екі америкалық шенеунік пен бұл жағдайдан хабары бар бес дереккөз Трамптың екі негізгі өкілі арасында ішкі командалық қақтығыстың барын растағаны айтылады. Бұған қоса, Politico басылымының деректеріне сәйкес, Кит Келлог бейбіт келіссөздер процесінен шеттетілгенімен, Украина мәселесіне қатысты тәсілдерді қалыптастыруға бейресми түрде әсер етуді жалғастырып жатыр.
«Украина ымыраға келу үшін тізе бүкпейді. Келіссөздер болуы мүмкін, бірақ өз аумағының егемендігін жоғалту дейтін шартпен емес», - деп атап өтті Келлог, Reuters дереккөздерінің мәліметінше.