Украина Дональд Трамптың ұсынған бейбіт жоспарымен келісуге жақын. Бұл туралы The New York Post АҚШ әкімшілігі мен Украина қорғаныс министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КИЕВ 90 ПАЙЫЗҒА КЕЛІСІП ОТЫР
Басылым мәліметінше, Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров бейресми кездесулер барысында Вашингтон өкілдеріне Киевтің Трамп жоспарының негізгі тармақтарымен «90 пайыз» келісетінін жеткізген.
Қазір тараптар атысты толық тоқтату және шекара межесі мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
ШЕШІМ ЛОНДОНДА ҚАБЫЛДАНУЫ МҮМКІН
– Келесі аптада Лондонда біз ұрыс әрекеттерін толық әрі жан-жақты тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылдауды көздеп отырмыз. Осыдан кейін Ресей тарапымен байланыс орнап, бейбіт келісімнің соңғы нұсқасы ұсынылады. Егер Мәскеу бас тартса, біз келіссөздің үзілгеніне жауапкершілікті Еуропадағы серіктестеріміз арқылы Мәскеуге жүктейміз, – деді Трамп әкімшілігіндегі дереккөз.
БАСТЫ ТАҚЫРЫП
Дереккөздің айтуынша, Киевтің басты күмәні басып алынған территорияларға қатысты. Украина тарапын «де-факто» мен «де-юре» айырмашылығы мазалап отыр.
– Олар бір жағынан Ресей әскерінің нақты бар екенін мойындауы мүмкін, бірақ бұл аумақтан бас тартуды білдірмейді. Ал екінші жағынан, егер «де-юре» танылса, онда бұл – жерден мәңгілікке айырылдық деген сөз, – деді Трамптың командасындағы өкіл.
МӘСКЕУГЕ ҰСЫНЫС
АҚШ-тың жоспары бойынша, Ресей келіссөзге келуі үшін арнайы ұсыныстар жасалмақ. Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуге санкциялық қысымды әлсіретіп, бұғатталған активтердің бір бөлігін босатуды ұсынуы мүмкін.
Бұл қадамдар Ресей тарапын бейбіт келіссөздердің соңғы кезеңіне қатысуға ынталандыру үшін жасалмақ.