Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов сотта сұрақтарға жауап бере бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Куәгер сотталушылардың ішінде Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты.
- Достарымызбен әкімдік алдында тұрдық. Біреуіміздің анасы хабарласып, төбелес болып жатқанын айтты. 7-8 бала болып “Қамажай” дүкеніне қарай бардық. Келгенде екі адам жерде қимылдап, қиналып жатты. Көліктен түскенімізде бір әйел адам жердегі гильзаны алып, ал Қаржаубай (Шерзаттың әкесі) баланы алып, көлікке салып, алып кетті. Біз көршілермен сөйлесіп тұрдық. Кейін Нұрқиясқа хабарластым. Ол ештеңе білмейтінін айтты. “Мен ауылда жүрмін, мені де алып кетсей” деді Нұрқияс. Кейін Нұрқияс хабарласып, қайда екенімді сұрады, мен көлігімді жолда басқа көлік жауып қалғанын айттым. Одан кейін досым Юлдаш Розыбакиевпен Рысқұлов ауылына бардық. Шамамен төбелес болғанын білдік. Бірақ кім, қалай ұрғанын білмедік. Ауылға барып, Нұрқиясқа хабарласқанымда, ол “Тенгиз” дүкенінің қасында екенін айтты. Біз сол жерге келгенде нөмірін алып тастаған Мерседес пен Гольф көлігі тұрды. Артынша Нұрқияс “бізді жаңа тас жол жанында қалдырып кет” деді. Көлігіме Нұрқияс, Абзал мен бір қыз отырды. Қай қыз екені есімде жоқ. Мерседес пен гольф артта қалып қалды. Кішкене күтіп тұрдық, дейді куәгер.
Артынша Нұрқияс Равильді (сотталушылар) сабырға шақырып, Арланның көлігіне отырғызған.
- Кейін Мерседестің ізіне түстік. Артынша бір Нива келді. Бәріміз бір жерге тоқтадық. Сол жерде полиция қызметкерлері бізді ұстап алды, дейді Арлан Қазыкенов.
Ол сотталушылар көлікте не туралы сөйлескенін тыңдамағанын айтты. Сонымен қатар, сотта мемлекеттік айыптаушы куәгер Арланның тергеу кезіндегі жауабын оқып берді.
- “Нұрқияс бір сөзінде “бұл жағдай біздің тема” деп айтты, сол кезде олардың төбелеске қатысы барын түсіндім деп айттым” дегенсіз, дейді прокурор куәгерге.
Куәгер Арланның сөзінше, сотталушы Абзал мен Нұрқияс мас күйде болған.
ҮШІНШІ КУӘГЕР
Бұған дейін сотта үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотта жауап берді. Ол жоғарыда аталған куәгер Арлан Қазыкеновтің досы.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Ол – қанды түні сотталушылармен бірге көлікпен «Қамажай» дүкенінің алдына келген.
Дана Жақсыкелді сотталушылардың ішінде Нұрқияс, Равиль, Абзалды танитынын, Азамат пен Нұрбол Тоқтаубаевты жақын танымайтынын айтты. Куәгердің айтуынша, осыдан кейін өзі көлікке отырған. Өзі мылтық үнінен қорыққанын айтады. Неге полиция шақырмадыңыз деген сұраққа куәгер “бір жағынан мылтықты бірінші рет көріп, атылғанын бірінші рет естідім. Өз өмірім үшін қорықтым” деп жауап берді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.
Ulysmedia.kz порталынан материал көшіргенде гиперсілтеме қою міндетті!