Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Беларусь аумағындағы күмәнді әрекеттері туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Варшавада өткен бейресми кездесуде ол:
«Бұл жазда Ресей онда бірдеңе дайындап жатыр, оны әскери жаттығу ретінде көрсетуде», – деп мәлімдеді.
Алайда нақты не туралы сөз болып тұрғанын ашып айтпады және дәлелдер келтірмеді.
Бұған дейін Ресей мен Беларусь 2025 жылдың қыркүйегінде бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізетінін жариялаған еді. Украина басшысының бұл мәлімдемесі Мәскеу мен Минсктің шынайы жоспарына күмән тудырды.
Зеленский бұл мәлімдемесін 29 сәуірде Еуропалық Одақ елдерінің сыртқы істер министрлерімен Варшавада өткен бейресми кездесуде айтты. Бұл басқосу "Үш теңіз бастамасы" аясында ұйымдастырылған болатын. Кездесуге Польша, Австрия, Болгария, Хорватия, Чехия, Эстония, Грекия, Венгрия, Латвия, Литва, Румыния, Словакия және Словения сыртқы істер министрлері қатысты.