Желіде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдайтын қазақстандықтарға арналған үндеу тарады, деп хабарлайдф Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода блогер Андрей есімді азамат соғысты қолдаудан бас тартып, Қазақстанның туы астында бірігуге шақырады.
Қараңыздар, достар. Қазір Ресей Украинамен соғысып жатыр. Ал Қазақстандағы кейбір азаматтар Ресейді қолдауға тырысып жүр. Мен, керісінше, баршамызды бірігуге шақырамын, өйткені біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан. Ұлтың кім болса да – орыс, украин немесе моңғол – бәріміз де қазақстандықпыз! Біз бір болуымыз керек. Біз біргеміз! Алға, Қазақстан! – деді ол бейнеүндеуінде.
Көптеген әлеуметтік желі қолданушылары блогерді қолдап, соғысқа қарсы пікірлерін білдіріп, антиәскери пікір қалдырған.
Ресейлік үгітшілер бұл күнде қазақстандықтарды соғысқа ашық түрде тартуға көшкен. Еліміздегі ықпалды интернет-ресурстардың бірінде РФ қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасау жолдары мен оған төленетін ақшалай төлемдер туралы мақала жарияланған.
Бұған қоса, Қазақстанның бірнеше қаласында Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруға шақырған үнпарақтар таратылғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл деректерді тексеріп жатыр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жалдамалылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Бұған дейін қазақтілді интернетте бір блогердің қазақофобия жөніндегі мәлімдемесі де қызу талқыға түскен еді.