Өкінішке қарай елде бейбіт шеруге шыққан азаматтар қамауға алынып жатыр. Ал олардың әрекетін содырлар мен бұзақылардан бөліп қарау туралы азаматтардың талабына ресми билік реакция білдірмеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АРАЖІКТІ АЖЫРАТУ
Елде көшеге шыққан азаматтарға бейбіт шеруге шығушылар, морадерлар және содырлар (террористер) деп бөліп қарайтын болсақ, соңғы екі топтың мақсаты бейбіт шерушілердің мүддесіне мүлде қайшы екенін ескерген абзал. Керек десеңіз, билік газ бағасын 50 теңгеге дейін түсіріп, бейбіт шерушілердің негізгі талабына көнген. Журналист Асан Анарбайұлының айтуынша, полицейлер мен әскерилерді жазықсыз жәбірлегендер, қолына қару алғандар, ұры-қарылар түгел (объективті түрде) жазалануы керек. Бірақ бұл қылмыскерлердің қатарына талабын айтып, бейбіт шыққан наразыларды күштеп телуге болмайды.
«Егер қылмысқа қатысы жоқ азаматтық белсенділер қудаланар болса, онда «Еститін» емес тек «Қуғыншыл Үкімет» болғанымызды, Тоқаевтың репрессивті жолды таңдағанын көрсетеді. Одан сақтасын. Ақорда қожайыны халық тілегіне жанашыр ниетпен суық ақылға иек артады деп сенемін», - деп жазады журналист әлеуметтік желіде.
ДЕСЕК ТЕ...
Десек те, жер-жерде журналистер мен белсенділер ұсталып жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс Ақпарат» холдингінің журналисі Дарын Нұрсапаров 15 күнге қамауға алынған. 5 қаңтарда журналист Өскемендегі митингтен видеотүсірілім жасап, жеке парақшасына жүктеген. Әріптестерінің айтуынша, 7 қаңтарда оның үйіне тәртіп сақшылары келіп, алып кеткен. 9 қаңтарда Дарын 15 күнге қамалып, Аягөзге әкетілгені белгілі болып отыр. Ол Әкімшілік кодекстің 488 бабы бойынша (Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар Орал қаласының апелляциялық инстанциясы «заңсыз митингіге қатысқаны үшін» 10 күнге қамалған журналист Лұқпан Ахмедияровтың шағымын қанағаттандырмаған.
Одан бөлек елге танымал адвокат Абзал Құспанның, Степногорсктағы Артем Сочневтің де ұсталғанын БАҚ құралдары жазып жатыр. Семейлік белсенді Кербез Егінбаева да анасы мен бауыры із-түссіз кеткенін хабарлаған.
Белсенділерді жазалауға болмайтыны жөнінде әлеуметтік желілерде көпшілік қолдау пост қалдырып жатыр.