Жексенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары туралы жаңалықтар басқа оқиғалардың көлеңкесінде қалып, күн тәртібі өзгерген тұста мен осы сапардың ұсақ-түйек детальдарын қайта еске түсірдім. Президенттің көгілдір галстугі. Ұшақ баспалдағындағы жымиысы. Журналистер жаққа бас изегені. Неміс протокол қызметінің дайындығы. Және баспасөз мәслихатында берген жауабы. Әр аудитория бұл жауапты өзінше қабылдады.
Бірнеше күн өтті, сапардан алған әсерлер орнықты. Енді осы сапарды, әрі өзім көрген Тоқаевты тәуелсіз журналиске берілетін қашықтықтан қалай қабылдағанымды айтып бергім келеді.
Германия мен үшін әрдайым ерекше жылы ел болатын. Шетелге алғашқы сапарым дәл осы елге болды. 2015 жылы Берлинді бірінші рет көргем. Қателеспесем, бұл жолғы сапарым – Германияға бесінші мәрте келуім.
Әр келген сайын жаңа оқиғаға куә болам. Былтыр қарашада Нюрнбергте Германиядан саяси баспана сұраған бұрынғы қазақстандық прокурор Мақсат Дүйсенов туралы репортаж әзірледім. Ол кезде Нюрнберг түрмесіне жол түскен. Ал бұл жолы президент ұшағын күтіп алып, Федералдық канцлер ведомствосына бардық.
Қазақстанның тарихы мен тағдырына қатысты оқиғалар ел аумағынан тыс жерде де жалғасып жатады. Кейде дәл шетелде жүргенде олардың бір-бірімен қаншалықты тығыз байланысты екенін анық аңғарасың.
Берлинге Нью-Йорктен таңғы 7:50-де ұшып келдім. БҰҰ Бас Ассамблеясындағы қауырт жұмысты тәмамдап, Тоқаевтың сапарынан хабар таратуға дайын тұрдым.
Паспорт бақылауынан тез өттім, қосымша сұрақ қойылған жоқ. Қонақүйге енді ғана жеткенімде Ақорда баспасөз қызметінен қоңырау түсті. Президент ұшағын қарсы алуға баруды ұсынды.
Тоқаевтың ұшағын бұған дейін қарсы алып көрмеппін. Дональд Трамптың ұшағының қонған сәтін түсірген тәжірибем бар еді. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша сезілді: өз елімнің басшысы ұшақтан түсіп жатты.
Тез жиналдым. Баспасөз өкілдеріне арналған шағын автобусқа отырдым. Әріптестерім әуежайда орындарын алып үлгеріпті.

Фото: Ulysmedia.kz
Әуежайда техникаларымызбен ұзақ тексерістен өтетін шығармыз деп ойлағанмын. Бірақ бізді сыпайы қарсы алып, тексеруден тез өткізді. Бұл жерде паспортты қайта көрсетуге тура келмеді.
Күтуге арналған бөлмеде әріптестер мәтіндерін дайындап, тікелей эфирге шығатын сәттерін пысықтап жатты. Ал мені қарапайым журналистік қызығушылықтың жетегінде тұрдым: Тоқаевты қарсы алуға кім келеді, ұшақтың қонуы қалай ұйымдастырылады?
Сапардың алғашқы сәті жалпы реңкті аңғартатыны белгілі. Дегенмен оның өзі келіссөздердің мазмұны туралы ештеңе айта алмайды.

Фото: Ulysmedia.kz
Біршама уақыт тыныштық орнағаннан кейін неміс әскери қызметшілері, протокол қызметкерлері көрінді. Қызыл кілем төселді. Біреулер костюмін түзеп жатса, енді біреулер аяқ киімін сүртіп әлек. Әркім өзіне тиесілі дайындықтың мінсіз өтуін қадағалады.
Неміс тәртібі туралы көп айтылады ғой. Сол тәртіп осындай ұсақ қимылдардың өзінен байқалды.

Фото: Ulysmedia.kz
Ұшақ қонды. Артқы есіктен президентпен бірге келген топ мүшелері түсе бастады. Содан кейін алдыңғы есік ашылды.

Фото: Ulysmedia.kz
Тоқаев көрінді. Үстінде қара костюм, ақ жейде, мойнында көгілдір галстук. Қарсы алушыларға жымиып, амандасты. Баспасөз өкілдерін байқап, бізге де бас изеді.

Фото: Ақорда
Президенттік пулда тұрақты жұмыс істейтін әріптестер үшін бұл үйреншікті көрініс шығар. Бірақ маған бұл сәт ерекше әсер етті.
Әуежайдан кейін қонақүйге қайттық. Алда тығыз бағдарлама тұрды. Оған тек журналист ретінде емес, техникалық жағынан да дайындалуым керек еді: бұл жолы жалғыз жұмыс істедім, яғни журналист те, оператор да – өзім.Кейбір әріптестеріммен бірге түсіру тобы, монтажерлер мен режиссерлер жүрді. Ал маған материалды өзім түсіріп, жазып, жөнелтіп, келесі іс-шараға үлгеру керек болды.

Фото: Ulysmedia.kz
Бұл – жеке жұмыс істейтін журналистің күнделікті тіршілігі. Саясаткерді тыңдап отырып, бір мезетте дыбысты, кадрды, телефонның қуатын да бақылап отырасың.
ТОҚАЕВ ПЕН МЕРЦТІҢ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ
Мен ең көп күткен сәт – Тоқаев пен Фридрих Мерцтің бірлескен баспасөз мәслихаты болды.

Фото: Ulysmedia.kz

Фото: Ulysmedia.kz
Нью-Йоркте Владимир Зеленский мен Сергей Лавровтың баспасөз мәслихаттарына қатысып, сұрақ қою мүмкіндігіне ие болғам. Енді осы халықаралық пікірталаста Қазақстанның ұстанымы қалай айтылатынын өз құлағыммен естігім келді.
Жабық келіссөздерге қатысқан жоқпын. Сапардың баспасөзге ашық бөлігін ғана көрдім. Сондықтан екі көшбасшы өз ұстанымдарын көпшілік алдында түсіндіретін сәт мен үшін айрықша маңызды болды.
Сұрақ қоюға мүмкіндік сұрадым. Маған Германия және Қазақстан тарапынан екі сұрақтан қойылатынын, журналистердің алдын ала анықталғанын айтты.
Өз сұрағымды қоя алмадым. Бірақ мені толғандырған тақырыпты неміс әріптесім көтерді.

Фото: Ulysmedia.kz
Бірақ оған дейін Германия туралы әңгіме болды. Сол кезде Тоқаевтың мына сөзі маған ерекше әсер етті:
– Біз бұл елді жақсы көреміз және құрметтейміз.

Фото: Ulysmedia.kz
Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас туралы ресми сөздің арасынан қарапайым әрі адамға жақын бір үн естілгендей болды.
Мен 11 жыл бұрынғы Берлинді еске алдым. Бір кездері Қазақстаннан тыс әлеммен таныстығым басталған қала осы еді.
Президенттің екі ел арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы жауабында тағы бір назар аударарлық деталь болды. Синхронды аударма негізінде жасалған неміс стенограммасында Тоқаевтың өз сөзін қалай нақтылағаны сақталған: «Мен сенімдімін... жоқ, толық сенімдімін». Әңгіме екі ел қарым-қатынасында жаңа жетістіктерге жету мүмкіндігі туралы еді.
Мұндай түзету ресми әңгіменің өзін жандандырып жібереді. Адамның жауап барысында сөзін таразылап, ойын нақтырақ жеткізуге тырысқаны байқалады.
– Күткенімнің бәрі ақталды, – деді президент келіссөздерге берген бағасында.
Журналист үшін бұл – кейін оралып қарайтын бір межелі нүкте. Келісімдер жүзеге аса бастағанда осы бағаға қайта үңілуге болады.
УКРАИНА ТУРАЛЫ СҰРАҚ
Одан кейін Украинаға қатысты сұрақ қойылды. Неміс журналисі Тоқаевтың әскери қимылдарды тоқтату жөніндегі ұсынысын еске салды.
Қазақстан президенті өз жауабында Владимир Путинмен жақсы қарым-қатынаста екенін айтты, оны саяси қайраткер ретінде жоғары бағалады. Мұндай баға сұрақ қоюшыға тосын көрінуі мүмкін екенін де атап өтті. Сонымен бірге ол мемлекеттердің аумақтық тұтастығын қолдайтынын және Украинаға құрметпен қарайтынын тағы растады.

Фото: Ulysmedia.kz
Мерц өз ұстанымын ашық білдірді: Германия Киевті қолдауды жалғастырады, ал Мәскеудің байыпты келіссөзге дайын екенін әзірге көріп отырған жоқ.
Сонымен қатар канцлер Тоқаевқа Путинмен соғысты аяқтау жолдарын талқылағаны үшін алғыс айтты.

Фото: Ulysmedia.kz
Мен үшін Берлиндегі сапардың ең маңызды тұсы дәл осы болды.
Әуежайда қарсы алушылар мен баспасөзге жылы шырай танытқан адамды көрген едім. Енді алдымда қабылдаушы тараптың көңілінен шықпауы мүмкін пікірін ашық айтып, оны түсіндіріп отырған саясаткер тұрды.
Сол сәтте Мерцтің не ойлағанын біле алмаймын. Неміс көрермендері Тоқаевтың уәждерін қалай қабылдағанын да кесіп айту қиын. Бірақ екі тараптың көзқарасындағы айырмашылық ашық айтылды және бұл әңгімеге нүкте қойған жоқ. Мен үшін бұл – маңызды деталь.
Дипломатияның қызығы да осында: тараптар бір-бірі келіспейтін мәселелерді түсіндіруге мәжбүр болған кезде оның шынайы мәні ашыла түседі. Берлиндегі баспасөз мәслихатында дәл осындай жағдай анық байқалды.
Путин туралы сөз, әрине, жұрттың назарын аударды. Алайда жауабының жалғасында Тоқаев Ресеймен ортақ шекара, халықтар арасындағы байланыс және Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау қажеттігі туралы айтты. Ал соғысты тоқтату мәселесіне келгенде, өз мүмкіндігін асыра бағалай алмайтынын мойындады.
Бұл соңғы ескерту де оның жауабын сипаттайтын маңызды тұс болды. Президент қалаған нәтижесін айтып қана қоймай, өзінің ықпалының шегін де мойындады. Оның пікірімен келіспеуге болады. Журналист ретінде мен мұны қалыпты нәрсе деп қабылдаймын. Бірақ Қазақстанның ұстанымын тұтастай қарастырған жөн: оның ішінде ыңғайсыз көрінуі мүмкін тұжырымдар да, сол сөздердің артынша айтылған түсіндірмелер де болуы керек.
Естігендерімнен түйгенім: Тоқаев әртүрлі тараптармен диалог жүргізу мүмкіндігін сақтауға және Қазақстанның мүддесін анық көрсетуге ұмтылды. Бұл дипломатияның қаншалықты нәтижелі болғанын уақыт көрсетеді. Ал сөзіңмен келісе қоймайтын әңгімелесушінің қарсы алдында тұрып, өз ұстанымыңды тікелей түсіндіруге дайын болудың өзін құрметке лайық деп санаймын.
Сонымен бірге Қазақстанның аумақтық тұтастық қағидатын дәйекті түрде қорғауы маңызды. Бұл қағидаттың біздің қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар. Сондықтан Мәскеумен қарым-қатынас туралы сөз бен халықаралық құқыққа қатысты ұстанымды бір-бірінен бөлек қарауға болмайды.

Фото: Ulysmedia.kz
Сапардың экономикалық бөлігі осы күрделі әңгіменің артында қандай нақты мазмұн тұрғанын түсінуге мүмкіндік береді.
Берлинде өнеркәсіп, технология, шикізат, энергетика және көлік салалары талқыланды. Сапардың ресми қорытындысы бойынша тараптар 2026–2028 жылдарға арналған жол картасын келісті. Сондай-ақ жалпы құны шамамен 2 млрд доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылғаны жарияланды.
Бұл цифрлардың ар жағында әлі талай жұмыс бар: қаржыландыру шарттары, мерзімдер, құрылыс және өндірістік жоспарлар. Әзірге құжаттарда көрсетілген сома Қазақстанға түсіп қойған инвестиция көлемін білдірмейді.
Мені бұл жерде ең алдымен бір сұрақ қызықтырады: осының қаншасы Қазақстанның ішінде қалады? Біздің кәсіпорындар қандай технология алады? Қандай мамандар даярлықтан өтеді? Қандай жергілікті компаниялар жеткізуші атанады? Қосылған құнның қандай бөлігі еліміздің өзінде қалыптасады? Сапардың экономикалық қайтарымы қаншалықты терең болатыны осы сұрақтардың жауабына байланысты.
Шикізат экспортын ұлғайту ел кірісі үшін маңызды. Ал өз өндірісімізді дамыту Қазақстанның алдағы жылдардағы мүмкіндігін айқындайды.
Сапардың Мюнхендегі бөлігі туралы бұған дейін жеке жазғанмын. Берлиннің маңызы – мұнда саяси ұстанымдар мен алдағы жұмыстың негізгі бағыттары ашық айтылды. Енді Үкіметтің, компаниялар мен даму институттарының алдында нақты міндеттер тұр. Қол жеткізілген уағдаластықтардың қалай орындалатынын бақылауға болады және бақылау қажет.
РЕСМИ БАҒДАРЛАМАДАН ТЫС ҚАЛҒАНДАР
Мен көрген Берлин ресми бағдарламамен ғана шектелген жоқ.
Үш күн бойы Германияда тұратын қазақтар маған хат жазды. Тоқаевпен кездескісі келетінін, іс-шараға қатысқысы келетінін, өтінішін жеткізгісі келетінін айтты. Мен оларға журналист екенімді, мұндай кездесуді ұйымдастыра алмайтынымды түсіндірдім. Менің қолымдағы бағдарламада диаспорамен арнайы кездесу қарастырылмаған еді.

Фото: Ulysmedia.kz
Бұл хабарламалардан олардың Қазақстанмен байланысы қаншалықты берік екенін сезіндім. Адамдар шетелде жылдар бойы тұрады, жұмыс істейді, бала тәрбиелейді. Бірақ туған елінің президенті келгенде оны әлі де жеке басына қатысты маңызды оқиғадай қабылдайды.
Біреу үшін бұл – мақтаныш. Біреу үшін – өз сөзін жеткізуге деген үміт.
Іс-шаралардың бірінен кейін көшеде танысым Әсел Темірова мені күтіп тұрды. Ол кітап беріп жібергісі келген екен.

Фото: Ulysmedia.kz
Әсел Германияда көп жылдан бері тұрады. Өзінің айтуынша, осы елден саяси баспана алған. Соған қарамастан Қазақстандағы өз тарихына қатысты әділдікке қол жеткізу жолындағы күресін жалғастырып келеді.
Кездесуімізге аз уақыт қалғанда Ulysmedia Темірованың өзіне сілтеме жасап, оның өміріне жасалған қастандық пен шабуылға дайындалу ісі бойынша тергеудің қайта басталғанын хабарлаған еді. Бұл істе ол жәбірленуші деп танылған. Тергеу бірнеше жыл бойы аяқталмай келген.
Соңғы нәтиже қандай болатынын білмеймін. Бірақ Әселдің тергеудің қайта басталуына үміт артып отырғанын түсінемін. Онымен кездесуім Берлиндегі осы сапардың мен үшін маңызды бір түйініне айналды.
Бірнеше сағаттың ішінде халықаралық қауіпсіздік пен ірі инвестициялар туралы әңгімеден ұзақ жылдар бойы өз елінен жауап күтумен келе жатқан нақты адамның тағдырына ойысуға болады. Екі жағдайда да мемлекетке деген сенім мәселесі алдыңнан шығады. Халықаралық серіктес үшін бұл – өз міндеттемелерін орындауынан көрінеді. Ал адам үшін – қорған боларлық тетікке, әділ қарауға және өз мәселесіне нақты жауап алуға мүмкіндіктің болуы.
БЕРЛИННЕН ТҮЙГЕНІМ
Осы аптаның қорытындысын ой елегінен өткізгенде, сол баспасөз мәслихатына қайта ораламын.
Тоқаев Мерцтің қасында тұрып, Қазақстанның ұстанымын, оның ішінде қабылдаушы тарап қарсылық білдіруі мүмкін тұстарын да түсіндірді. Мен мұны күрделі әңгімені ашық жүргізуге дайындық деп қабылдадым. Бұл маған протоколдық салтанаттан әлдеқайда күшті әсер етті.
Дегенмен бір сапар адамның толық портретін құрастыруға мүмкіндік бермейді. Мен тек өзім көрген жайттарды ғана айта аламын: ұшақ баспалдағындағы жымиысты, журналистерге назар аударғанын, жауап барысында сөзін нақтылағанын, неміс канцлерінің алдында ойын ашық жеткізгенін. Менің очеркім дәл осындай бақылаулардан құралды.
Берлин – менің алғашқы шетелдік сапарым басталған қала. Он бір жылдан кейін мен бұл қалаға қайтадан қызығушылықпен қарап тұрдым. Бірақ бұл жолы Қазақстан туралы ойларымның қатпары көбейе түскен.

Фото: Ulysmedia.kz
Бізді қалай қабылдайды? Өз ұстанымымызды қалай түсіндіреміз? Келіссөздер аяқталғаннан кейін не істей аламыз? Және елден жырақта жүрсе де, өз мемлекетінен телміріп жауап күткен адамдардың тағдыры не болмақ? Берлиннен оралғаннан кейін де бұл сұрақтар ойымнан шықпады.