Қырғыздар 15 жылдан соң қазақ тілінде сөйлеп, жаза бастауымыз мүмкін деп алаңдап отыр. Бұл туралы уикипедияшы Чоробек Сааданбеков айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның сөзіне қарағанда, ChatGPT-ден бір нәрсені қырғыз тілінде сұрағанда, жүйе кейде жауаптың арасына қазақша сөздерді қосып жібереді. Бұған себеп — ChatGPT-тің қорында қазақ тіліндегі мәтін мен сөздердің көлемі әлдеқайда көп екен.
– Біздің тілден таппай қалғанда қазақшадан алады. (...) Интернетте қырғыз тілінің дамуына көп көңіл бөлмесек, 15 жылдан соң қазақша сөйлеп қаламыз, қазақша жазып қаламыз. Оны өзіміз де сезбей қаламыз. Біз мына жақтан қанша концепция жазғанымызбен, ChatGPT қырғызшаның орнына қазақша мәлімет бере бастаса, ақырында сіңіп кетеді, көп кісі айырмашылығын байқамайды, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін алматылық Кенжебек Исмаилов есімді тұрғын ChatGPT-дің көмегімен сотта жеңіп шыққанын жазған едік.
Ол жолдағы тұтас сызықты кесіп өткені үшін айыппұл салынған. Алайда ол жолды әдейі кесіп өтпеген. Кенжебек Исмаилов алдындағы көлік қозғалмай тұрғандықтан, тұтас жолды кесіп өтуге мәжбүр болған.
Осылайша, былтыр желтоқсанда Исмаиловқа жол ережесін бұзғаны үшін 5 800 теңге айыппұл салынған. Бұл – 50 пайыз жеңілдікпен есептегендегі айыппұл.
Кейіннен Кенжебек qamqorgov сайтынан оқиғаға қатысты видеоны қолына алғаннан кейін Алматының полиция департаментіне арыз жазған, бірақ полиция жүргізушінің мәжбүрлі түрде жолды кесіп өткенін есептемей қойған. Осылайша, Кенжебек СhatGPT-ден сотқа шағым дайындап беруін сұраған. Жасанды интеллект заңгер секілді толыққанды жауап дайындап берген. Ақыры алматылық жігіт сотта жеңіп, айыппұл төлемейтін болған.