×
$
445.65
508.71
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
445.65
508.71
5.3

"Тілге қарсы күресу – Жаратқанға қарсы шығу": Тоқаев тіл мәселесін тағы көтерді

Бүгін, 12:37
"Тілге қарсы күресу – Жаратқанға қарсы шығу": Тоқаев тіл мәселесін тағы көтерді
Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясында мемлекеттік тілдің рөліне тоқталып, тілге байланысты арандатушылықтарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақ тілі көпшіліктің тіліне айналды

Мемлекет басшысы ұлтты ұйыстырып, мемлекеттің іргесін бекемдейтін негізгі факторлардың бірі мемлекеттік тіл екенін айтты.

– Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие болып, ұлттық мәдениет пен болмыс тіл арқылы көрініс табады.

«Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі», – деді ол.

«Бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді»

Тоқаев қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі өзге тілдерді шеттету дегенді білдірмейтінін атап өтті.

– Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, діни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған, – деді президент.

Мемлекет басшысы әлеуметтік желілерде ұлтараздықты қоздыратын арандатушылық әрекеттерге де тоқталды.

– Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқық қорғау органдары мен қоғам мұндай әрекеттерге табанды түрде қарсы тұруы керек екенін айтты.

«Тілге қарсы күресу – Жаратқанға қарсы шығу»

Сөзінің жалғасында Мемлекет басшысы тілге қатысты пікірін одан әрі тарқатты.

 – Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас, – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, кез келген тіл бірлік пен өркениеттің өлшемі болуы тиіс.

Президент түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүргенін де атап өтті.

– Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың? Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар, – деді ол.