×
510.19
582.79
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.19
582.79
6.46

Kazakh Tourism Қазақстанға Борат пен Илон Маскты шақырғысы келеді

Бүгін, 15:10
Kazakh Tourism Қазақстанға Борат пен Илон Маскты шақырғысы келеді
Ulysmedia.kz коллажы

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов Илон Маск пен атышулы Боратты сомдаған британдық актер Саша Барон Коэнді Қазақстанға шақыру жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

9 маусымда Астанада Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел өтті. Екі елдің өкілдері өзара сауда, инвестиция және туризм салаларындағы әлеует пен мүмкіндіктерді талқылады. Шара барысында сөз сөйлеген Kazakh Tourism төрағасы Қайрат Сәдуақасов Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырып, сөз арасында Боратты сомдаған актер және америкалық миллиардер Илон Маскты да атады. Оның айтуынша, Илон Маск Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалына шақырылуы мүмкін. Сәдуақасовтың сөзіне сенсек, бұл мекен табиғат көрінісімен Марсты еске салады.

– Біз Илон Маскты құшақ жая қарсы аламыз. Ол Бозжырада өзін Марста жүргендей сезінеді, – деді Садвақасов.

Ulysmedia.kz тілшісі Қайрат Сәдуақасовтан Илон Маск пен Саша Барон Коэннің болашақта Қазақстанға келуі мүмкіндігі туралы пікірін сұрады.

“ҚЫЗЫҚ БОЛАДЫ”

– Меніңше, Қазақстан Илон Маскты тек Бозжырада ғана емес, Байқоңырда да қарсы алуға дайын. Бұл тақырып оның назарын аударады деп сенемін. 70 жылдығын атап өткен Байқоңыр – ғарыш кеңістігіне жол ашқан тарихи нысан. Сондықтан Бозжыра да, ғарыш айлағы да оны қабылдауға әзір, – деді ол.

Сәдуақасовтың айтуынша, қазіргі таңда Kazakh Tourism ғарыш туризмін дамытуға белсенді атсалысып жатыр. Бұл тек ғарышқа ұшу емес, зымыран ұшыру сәтін бақылау немесе капсуламен қонған ғарышкерлерді қарсы алу секілді бағыттарды да қамтиды.

– Илон Маск туралы әзілмен айтқаным рас, бірақ біз бұл диалогты шын мәнінде бастауға дайынбыз. Жақын арада оған ресми ұсыныс жолдап көреміз, – деді ол.

БОРАТ ЖАЙЛЫ

Kazakh Tourism басшысы сөз арасында Борат туралы да айтқанын растады. Айта кетейік, бұл кейіпкердің фильмдері кезінде Қазақстан халқы арасында түрлі реакция тудырған еді.

– Қазақстандықтар бұл кейіпкерге қарсы болуы мүмкін, бұл ұнамайтын да шығар. Бірақ, өкінішке қарай, біз бұл жағдайға ықпал ете алмаймыз. Біз бұл фильмнен пайда табуға тырыстық – 2006 жылы алғашқы фильм шыққанда Қазақстан туралы үлкен ақпараттық резонанс болды. 14 жылдан кейін, екінші фильм жарық көрер алдында біз «Very Nice» атты жарнама кампаниясын бастадық. Біз үшін кез келген мүмкіндік – елді танытудың жолы. «Лимон берсе – одан лимонад жасау керек». Меніңше, бұл кампания сәтті өтті. Енді осы тақырыпты әрі қарай дамыту артық болмас еді. Бұл әзірге жоспар деңгейінде. Осы кейіпкерді Қазақстанға шақырып, шындықты көрсетіп, нүкте қою керек. Елдің қандай екенін әлемге танытатын сәт келді. Қазір бұл бағытта медиа-амбассадорлар жұмыс істеп жатыр. Байланыстар орнатуға тырысып жүрміз. Бұл оқиғаны әдемі аяқтауға болады, – деді Сәдуақасов.

Оның пікірінше, қазақстандық туризмді ілгерілету үшін барлық мүмкіндікті пайдалану керек.

– Ол жай ғана комедиялық кейіпкер. Шынайы адам емес қой, – деп түйіндеді Сәдуақасов.

Серіктес жаңалықтары