Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көклайсай саяжайлар аумағында өрт шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жақын маңдағы саяжай тұрғындары өз бетінше эвакуацияланған. Оқиға орнына Алматы облысының және Алматының төтенше жағдайлар департаменттерінің күштері мен құралдары, ТЖМ әскери бөлімшесі және ұлттық парктің қызметкерлері жіберілді. Барлығы 150-ден астам адам мен 20 техника жұмылдырылды.
Өртті сөндіру жұмыстары жер бедерінің күрделілігі мен ауа райының қолайсыздығына байланысты қиынға соқты. Қосымша көмек ретінде “Қазәуеқұтқару” мекемесінің су шашқыш құрылғысы бар Ми-8 тікұшағы тартылды.
Сағат 16:36-да Төтенше жағдайлар министрлігі құрғақ шөптің жануы оқшауланғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің жалпы аумағы 5 гектарды құрады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы маңында өрт қаупінің ең жоғары – бесінші класы жарияланған еді.