YouTube видеохостинг платформасы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамппен сот дауын реттеу мақсатында 24,5 миллион доллар өтемақы төлеуге келісім берді, деп хабарлайды Ulysmedia Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Мән-жай
Трамп 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолийдегі тәртіпсіздіктерден кейін әлеуметтік желідегі аккаунттарының уақытша бұғатталуына байланысты сотқа жүгінген. Бұғаттауды Дональд Трамп «заңсыз цензура» деп бағалаған.
Келісімге сәйкес, өтемақының 22 миллион доллары Ақ үйдегі балл залының құрылысын жүргізумен айналысатын Trust for the National Mall қорына аударылады. Ал қалған 2,5 миллион доллар істің басқа қатысушылары — жазушы Наоми Вульф пен Американдық консервативтік одаққа (American Conservative Union) және өзге талапкерлерге бөлінеді.
Трамп пен технологиялық алпауыттар арасындағы сот істері
YouTube иесі Alphabet корпорациясы — Дональд Трамппен сот дауын бейбіт жолмен реттеген үшінші ірі технологиялық компания. Бұған дейін 2025 жылдың қаңтар айында Meta Platforms (Facebook пен Instagram) 25 миллион доллар, ал X компаниясы (бұрынғы Twitter) 10 миллион доллар өтемақы төлеуге келіскен болатын.
Әлеуметтік желілер 2021 жылы Трамптың аккаунттарын бұғаттап, оның жариялаған жазбалары Капитолийдегі бүлікке итермеледі деген тұжырым жасаған. Дональд Трамп бұл шешімдерді сөз бостандығына қарсы бағытталған әрекет деп бағалап, бірқатар технологиялық компанияларға қарсы сот істерін қозғаған.