Алматыдағы тергеу изоляторында Арнайы мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың судьясы қайтыс болды. Бұған дейін ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан пара алу және алаяқтық жасады деген күдікке ілінген еді. Ақпарат Telegram-арналарда жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙТЫС БОЛУ ЖАҒДАЙЫ
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі ер адамның қайтыс болғанын растады, бірақ жеке басын нақтыламады. Белгілі болғандай, қамаудағы азамат кенеттен көз жұмған. Алдын ала болжам бойынша, өлім себебі – жүрек жетіспеушілігі.
Бұл жағдай бейнебақылау камерасына тіркелген.
«Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде», – деп хабарлады ҚАЖК ІІМ баспасөз қызметі.
ТЕРГЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР
Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама және қызметтік тексеру тағайындалды. Нәтижелері қосымша хабарланатын болады.
СУДЬЯҒА ҚАРСЫ ІС
Еске салсақ, 2024 жылдың 30 қазанында Алматыда аталған соттың судьясына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. КҰҚК оның үстінен ҚР ҚК-нің 366-бабы («Пара алу») және 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын растаған еді.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбады.