Экономист Руслан Сұлтанов президенттің экономиканы либерализациялау туралы жарлығының орындалуын талдап, «Самұрық-Қазына» қорының реттелетін сатып алу жүйесіне назар аударды. Негізгі мәселе — нарықты бөлісуге және бәсекелестікке жол ашуға нақты дайындықтың болмауы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ӨЗ АДАМДАРЫНАН» САТЫП АЛУ
Сұлтанов қордың сатып алуларына қатысты бірнеше мысал келтірді. Біріншісі — ІТ және логистика сияқты қосалқы сегменттердегі монополияны жою үшін холдинг ішіндегі кооперация тізімін қысқарту. Алайда сарапшының дерегінше, соңғы үш жылда «өз адамдарынан» сатып алу үлесі 14%-дан 66%-ға дейін өскен.
Парадокс — дәл осы қосалқы қызметтер бірінші кезекте бәсекелі ортаға шығарылуы тиіс. Бірақ реформа символикалық түрде басталды: тек екі тармақ — бағдарламалық қамтамасыз ету мен демалыс үйлері ғана шығарылды. Қалғаны «әлеуметтік тәуекелдер» деген сылтаумен жабылған. Әлеуметтік тәуекел — икемді ұғым, бірақ шексіз емес. Оны өтпелі механизмдер арқылы басқаруға болады, ал өзгерістерден қорған ретінде қолдануға болмайды. «Әлеуметтік тұрақтылықты» желеу ету — қисынсыз, әсіресе дизель отыны делдалдар арқылы, ал ІТ жобалар — ашық конкурссыз «еншілес компаниялар» арқылы сатып алынғанда, – деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.
МІНДЕТТЕР МЕН ҚАҒИДАЛАР
Екіншісі — сатып алу стратегияларын Бәсекелестікті қорғау агенттігімен келісу талабы, Сұлтановтың пікірінше, бұл іс жүзінде орындалмайды. Үшіншісі — Yellow Pages Rule қағидасы, ол екі жеке жеткізуші болған жағдайда мемлекеттік сектордың тендерге қатысуын шектеуі тиіс.
ҚОРЫТЫНЫДЫ
Либерализация — жай ғана экономикалық ұран емес. Бұл — мемлекеттік сектордың тиімділігіне емтихан. Сатып алулар «өз құрылымдарының» пайдасына реттеліп қала берсе, бюджет әкімшілік жайлылық үшін төлейді.
Нағыз реформа — нарықты ашуға уәде беруден емес, онда тең дәрежеде бәсекелесуге дайындықтан басталады. Егер қор либерализация бағытына бет алғысы келсе, бірінші қадам жаңа стратегия емес, ескі артықшылықтарды адал түгендеу болуы тиіс. Онсыз кез келген либерализация — тек жиналыс хаттамасын ұқыпты өңдеу ғана болып қалады, – деп есептейді экономист.
БҰҒАН ДЕЙІН
«Самұрық-Қазына» және оның еншілес компанияларының топ-менеджерлері бір жылда 7,7 млрд теңге табыс тапқаны белгілі болды.