Атырау облысының полициясы Қызылқоға ауданында бұрын хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптының мәйіттері табылғанын ресми түрде растады. Олар ересек балаларымен бірге із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған. Кісі өлтірген күдіктілердің кім екені анықталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу "Кісі өлтіру" бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жедел-іздестіру шаралары қолға алынған.
– Іс бойынша хабар-ошарсыз кеткен тағы екі адам іздестіліріп, күдіктілерді ұстау үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева және балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай ақпарат жоқ. Туыстарының айтуынша, отбасы аяқ асты жоғалып кеткен және содан бері байланысқа шықпаған.
Ауыл әкімі Қанат Ғайса бұл отбасының тыныш өмір сүргенін, ауылдастарымен ешқандай жанжалы болмағанын әрі күмәнді әрекеттері байқалмағанын айтты. Сондай-ақ олардың тұрақты табысы болғандықтан, әкімдіктен көмек сұрамаған.