Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша негізгі сот процесі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қандай айып тағылған
Оларға Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабының 2-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған қаражат пен мүлікті заңдастыру) бойынша айып тағылған. Айыпталушылар 2 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 13 наурыз күні өткен алдын ала тыңдау барысында блогерлер істі жабық режимде қарауды сұраған. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады. Дегенмен айыпталушылардың өтініші негізінде журналистерге оларды фото және видеоға түсіруге тыйым салынды.
Блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова соттан бірқатар куәгер және қылмыстық іс бойынша екі тергеушіден жауап алуды сұрады. Прокурор Олжас Хайруллаев тергеушілерді шақырудың қажеті жоқ екенін айтты. Судья куәгерлерді кейбірін шақыруға рұқсат беріп, тергеушілерге қатысты мәселені қарауды кейінге қалдырды. Астана қаласы прокуратурасы блогерлерге қарсы азаматтық талап бойынша талапкер ретінде танылды.
Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова заңсыз кәсіпкерлікке қатысты айыпты мойындамады. Прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 214-бабына сәйкес келетінін айтты.
Айыптау нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыпты онлайн-курстарды сату арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырған. Сатып алушыларға нақты білім беру өнімі емес, бағалы сыйлық ұтып алу ұсынылған. Бұл заңсыз лотерея қызметінің белгілеріне жатады.
Судья айыпталушылардан кінәларын мойындай ма деп сұраған кезде Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова бұл сұраққа кейінірек жауап беретінін жеткізді.
- Бұл сұраққа әзірге жауап бермеймін. Қорғаушыммен бірге ұстанымымыз бар. Барлық куәгерлер тыңдалып, іс материалдары толық зерттелгеннен кейін ғана жауап алу кезінде өз пікірімізді толық білдіреміз, – деді ол.
Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған жобаға қатысты шоттарға 247 653 мың теңге түскен.
Алғашқы куәгер Алматыдан келген IT-маман Сұңғат Өтеболатовтың айтуынша, ол Төлегеноваға арналған ұтыс ойындары мен онлайн-курстарға арналған сайттарды әзірлеп берген. Бұл жұмыс үшін бастапқы келісім бойынша төлем 10 миллион теңге болғанымен, ол 7-8 миллион теңге алған.
Куәгердің айтуынша, жұмысты бастамас бұрын онымен Эльмира Төлегенова байланысқа шығып, осындай жобалар туралы бірнеше сұрақ қойған.
- Сайтты әзірлеуді бастамай тұрып, Эльмира Төлегенова маған бірнеше сұрақ қойды. Ол бұған дейін осындай өнімдерді қай блогерлерге жасап бергенімді сұрады. Мен Нұрбек Нұртазаға “сәттілік барабанын” жасағанымды айттым, – деді ол.
Куәгердің сөзінше, Төлегенова блогерлерге мұндай акциялар үшін салынуы мүмкін айыппұлдар туралы да сұраған.
- Ол басқа блогерлердің осындай акциялар өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын естігенін айтып, егер олар да осындай жүйені іске асырса, өздеріне де жауапкершілік жүктеле ме деп сұрады. Мен әзірлеуші ретінде клиенттердің әрекетіне құқықтық баға бермейтінімді, тек техникалық тапсырманы орындайтынымды түсіндірдім, – деді куәгер.
Сондай-ақ оның айтуынша, Төлегенова басқа блогерлердің мұндай ұтыс ойындарынан қанша табыс тапқанына да қызығушылық танытқан.
- Ол басқа блогерлер қанша ақша тапқанын сұрады. Мен нақты соманы білмейтінімді айттым, – деді Өтеболатов.
Адвокат Гаухар Айтжанованың блогерлер ұтыс нәтижесіне ықпал ете алды ма деп сұрағына куәгер сотталушылардың ондай мүмкіндігі болмағанын айтты.
“Жанәбіловтердің “сәттілік барабанының” нәтижесін өзгертуге мүмкіндігі болмады. Сыйлықтар әдейі туыстарына берілген жоқ”, – деді ол.
Сондай-ақ блогерлер куәгерден тергеушімен тергеуден тыс уақытта кездесулер болған-болмағанын сұрағанда ол мұндай кездесудің болғанын растады.
“Адвокаттардың сұрақтарынаен блогерлерден ақша алып, оларды сотқа тартып жатқандай әсер алдым. Сол себепті оларға көмектесу үшін тергеушілермен кездесу туралы әңгімені ойдан шығардым. Тіпті тергеуші мені қылмыстық іске тартпау үшін пара беруді сұрады деп те жалған сөйледім”, – деді куәгер.