×
471.46
555.38
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.46
555.38
6.18

Асаубаеваның «чемпионы» Жавохир Синдаров қандай отбасынан шыққан?

15.04.2026, 12:07
Асаубаеваның «чемпионы» Жавохир Синдаров қандай отбасынан шыққан?
Коллаж Ulysmedia

Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров Кипрде өтіп жатқан Турнир претенденттерінде жеңіске жетті. Енді ол Әлем чемпионы атағына таласады. Қазақстандық Бибісара Асаубаева Синдаровты желідегі парақшасында ерекше құттықтады. 

Жавохир қандай отбасында дүниеге келді? Шахматқа ең алғаш неше жасында барды? Осы жайлы Ulysmedia.kz анықтап көрді. 

«СЕНІМЕН МАҚТАНАМЫН»

Кипрдегі әлем чемпионы атағы үшін іріктеуге Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров қатар қатысуда. 14 турдың 13-інде Синдаров жалпы жеңісті мерзімінен бұрын аяқтады. Енді ол ерлер арасында әлем чемпионы болу үшін үндістандық Гукеш Доммараджумен бақ сынайды.

Асаубаева өз Telegram және Instagram парақшаларына Синдаровпен бірге түскен суретін жариялап, оған жүрек эмодзиін қосып, жазба қалдырды.

«Менің чемпионым», «Сенімен мақтанамын», – деп жазды қазақстандық шахматшы.

Жалпы екі елдің шахматшылары арасындағы сезім туралы желі қолданушылары жарыса жазуда. Бірақ екеуі әлі бұл ақпаратты растаған жоқ.

ЖАВОХИР СИНДАРОВ КІМ? 

Жавохир Синдаров – 12 жас 10 айында гроссмейстер атанған әлемдегі ең жас шахматшылардың бірі. Ол 2005 жылдың желтоқсанында шахматшылар отбасында дүниеге келген. Гроссмейстердің отбасы Ташкент қаласында тұрады. 2011 жылы ата-анасы Жавохирді 6 жасында шахмат секциясына берген.

Жавохир шахмат ережелерін тез меңгеріп, аз уақыт ішінде өзінен үлкендерді де жеңе бастаған. Туа біткен дарыны мен тәжірибелі бапкерлердің арқасында ол әлемдегі ең жас гроссмейстерлердің бірі атанды. Ол ФИДЕ-нің ең жоғары атағын 12 жас 10 айында иеленді.

Жавохир алғашқы гроссмейстерлік нормасын 2018 жылдың жазында Алехин мемориалында орындады. Екінші нормасын 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында орындады. Осы жарыстан кейін өзбек шахматшысының рейтингі 2500 ұпайдан асты. Үшінші гроссмейстерлік нормасын ол 2018 жылдың күзінде Венгриядағы Elso Szombat турнирінде орындады.

СИНДАРОВТАР ЖАЙЛЫ КІТАП БАР

Оның атасы Комил Синдаров – Өзбекстан шахмат федерациясы төрағасының орынбасары, сондай-ақ заңгер, ғылым докторы, профессор және детектив жанрындағы жазушы.

Шахматқа мені немерелерім – Жавохир, Исломбек және Хумоюн «байлап қойды». Солардың арқасында 2013 жылы мен сот жүйесін тастап, толықтай турнирлер мен жаттығулар әлеміне араласып кеттім,– дейді өз естелігінде атасы.

Оның айтуынша, Жавохир шахматты енді ғана бастаған кезде екеуі жиі ойнаған. Кейде немересін жігерлендіру үшін атасы әдейі жеңілетін, бірақ жарты жылдан кейін-ақ Жавохир атасын жеңе бастайды, ал көп ұзамай мүлде айқын басымдықпен ұтатын болыпты.

Сонда менің «үйретуші» рөлім аяқталғанын түсіндім. Қазір мен оның ең сенімді жанкүйері әрі менеджерімін. Кейде кенже немерем Шохрухпен тек өзімнің көңілім үшін ойнаймын. Мен әрқашан дамудың жан-жақты болғанын дұрыс деп санадым. Иә, мен көп жылымды құқық қорғау жүйесіне арнадым, бірақ сонымен қатар ғылыммен айналысып, докторлық диссертация қорғадым. Өлең жазуды 2005 жылы бастадым – бұл жанның қажеттілігі еді,– дейді Комил.

Кейін халық жазушысы Худойберди Тухтабаевтың кеңесімен детектив жанрына бет бұрыпты. Соңғы еңбектерінің бірі – «Чемпионлик сирлари» («Чемпиондық құпиялары») кітабы. Бұл жай ғана шахмат оқулығы емес, Синдаровтар отбасының жеке тәжірибесіне негізделген нұсқаулық іспетті.

Серіктес жаңалықтары