×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Біз көмектесеміз әрі қолдаймыз - Астанадағы дипломатиялық корпус БАҚ-қа жасалған шабуылдарға алаңдаулы

02.02.2023, 18:52
Біз көмектесеміз әрі қолдаймыз - Астанадағы дипломатиялық корпус БАҚ-қа жасалған шабуылдарға алаңдаулы
Ашық дереккөз

Бір күн бұрын 23 дипломатиялық өкілдік қызметкерлері бас қосып, белгісіз бір топтың жарты жылдан бері қазақстандық баспасөзге көрсетіп келе жатқан қоқан-лоқысын, шабуылдарын және кибершабуылдарын, кейбір интернет-порталдарды БАҚ алаңынан шығарып тастауға тырысқанын талқылады. Канада елшілігі ұйымдастырған бұл кездесуге сондай келеңсіз жайттарға тап келген Динара Егеубаева, Самал Ибраева және Вадим Борейко сынды белгілі журналистер шақырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Біз бұқаралық ақпарат құралдарын қорғау жағындамыз және олар өз ойын толық жеткізе білуі, ақпаратты еркін әрі тиімді тарата алуы керек – демократиялық мемлекеттің негізі осылар деп есептейміз. Тек осындай көзқарас адам құқықтарын қорғауды табысты жүзеге асырудың кепілі болып табылады”, - деді Канада Елшісі Алан Хамсон.

Елші Қазақстандағы ахуалдан хабардар екенін және тәуелсіз журналистерге жасалған шабуылдарға алаңдайтынын жасырмады. Сонымен қатар елшілік таяуда сөз бостандығына қатысты мәлімдеме жасағанын да атап өтті.

“Тәуелсіз журналистердің жұмысына шектеу қойған БАҚ қызметін реттеу туралы заңға қандай өзгерістер енгізілгенін жиналғандардың бәрі біледі. Заңда блогерлердің қызметіне және әлеуметтік желілердегі басылымдарға қатысты баптар да бар”, - деп қосты спикер.

Алан Хамсон журналистерге шабуылдардың 2022 жылдың күзінен бері жалғасып келе жатқанына назар аударды. Ол дипломаттардың жағдайды қадағалап отырғанын айтып, осы уақыт ішінде Қазақстанда болған барлық жағдайларды тізіп берді.

Оның пікірінше, Қазақстандағы қаңтар оқиғасының салдарын, Гүлнәр Бажкенова, Гүлжан Ерғалиева және Самал Ибраеваға жасалған шабуылдарды жария еткен журналист Динара Егеубаеваның көлігінің өртенуін өрескел әрекеттерге жатқызуға болады.

“Мен қысым астында жұмыс істеуге мәжбүр болған барлық БАҚ қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді және көмек пен қолдау көрсетуге дайынмын. Бүкіл қоғам болып жатқан жағдайға алаңдаулы”, – деді ол.

Дипломат өзінің елі әлемде баспасөз бостандығын қорғауға, соның ішінде БАҚ-ты қорғау коалициясы арқылы белсенді түрде атсалысатынын еске салды.

Брифингке Канада елшісінен басқа, Ұлыбритания, АҚШ, Бельгия, Германия, Швейцария, Нидерланд, Польша, Швеция, Греция, Литва, Португалия, Болгария, Румыния, Израиль, Словакия елшілері қатысты. ЕҚЫҰ және Еуропалық Одақ, сондай-ақ Корея Республикасы, Франция, Жапония, Венгрия, Латвия және БҰҰ дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері де келді.