Журналист Назерке Шәкірбай желіде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханованың президент Тоқаевқа жазған ашық хатын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОҚАЕВҚА ХАТ
Өтініш хатта қаламгердің жары Мұхтар Шахановтың қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, ақынның мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларының киелі мекені – Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерленуді аманат еткенін жазған.
«Ұлтымыздың біртуар перзенті, «Желтоқсан» оқиғасының шындығын әлемге жеткізген қайраткер, бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға бүгінде ауыр дертке шалдықты, хәлі аса күрделі жағдайда.
Мұхтар Шаханов — тек ақын ғана емес, ол ұлттық намыстың символы, қазақ руханиятының асқар шыңы, саналы ғұмырын елінің азаттығы мен ана тілінің мәртебесіне арнаған ірі тұлға.
Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты — өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлену», – делінген хатта.
Сондай-ақ хат иесі аталған нысанның республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш екенін толық түсінетінін айтып, жерлеу және мүмкін болатын мемориалдық белгі орнату жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына толық сәйкес жүргізілетініне кепілдік беретінін жеткізген.
«Осыны ескере отырып, Сізден Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы ерен еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін назарға алып, оның соңғы аманатының орындалуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіңізді сұраймын», – деп жазған Ханшайым Шаханова.
ЖӘНІБЕКОВ ЖАТҚАН ҚОРЫМ
Журналист хат 15 сәуірде жазылғанын, ҚР Президент Әкімшілігіне жолданғанын атап өтті.
«Арыстанбаб кесенесінің маңында Өзбекәлі Жәнібеков жатқан қорым да бар. Мұхтар Шахановтың Өзбекәлінің қасына жерленетін жөні де жоқ емес. Өйткені Мұхтар Шаханов сол Өзбекәлі Жәнібековпен иықтас жүріп, ұлттық руханиятқа қызмет еткен тұлға. Олардың жолы бөлек болған жоқ. Оған дәлел ақын сөзін жазған «Арқалықтың ақ таңы» әні. Ән тарихы туралы «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабында да егжей-тегжейлі баяндалады. Торғай өңірінде жүріп, сол жақтың әнұранын жазуды Өзбекәлі Жәнібеков Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовқа сеніп тапсырған. Сол сенімді Мұхтар Шаханов ақтады. Сондықтан оның Өзбекәлі атамыздың қасына жерленуі – қисынды да, жарасымды да шешім болмақ», - дейді Назерке Шәкірбаева.
Журналист кезінде Өзбекәлі Жәнібеков қайтыс болғанда, ақын жарының бір ауыз сөзін жерде қалдырмай, оны ел басшысына жеткізіп, мәселені шешуге Қырымбек Көшербаев ықпал еткенін айтты.
«Бүгін сондай жауапкершілікті мойнына алатын, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақынның соңғы аманатын жеткізетін адам табыла ма?!», - деп түйіндеді ол сөзі.
Еске салайық, қазақтың біртуар ақыны Мұхтар Шаханов 19 сәуірде дүниеден өтті.