Әлеуметтік желіде 22-24 сәуір күндері өтетін саммитке байланысты Астанада уақытша жол қозғалысына шектеулер енгізілетіні жөнінде ақпарат тарады. Қала әкімдігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РЕСМИ ХАБАРЛАМА
Астана қаласында 22-24 сәуір аралығында көшелердің жабылу кестесі туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат шындыққа сай келмейді. Нақты уақыт аралықтары мен көшелер тізімі көрсетілген мәтіннің сенімсіз екеніне назар аударамыз. Осыған дейін көше-жол желісінің жекелеген учаскелерінде ғана қозғалысқа уақытша шектеулер қойылуы мүмкін екендігі хабарланған болатын,– деп хабарлады елорда әкімдігі.
Осылайша, күні, уақыты және көшелері бойынша бөлінген хабарлама ресми болып саналмайды және шындыққа сәйкес келмейді.
Азаматтардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді, сондай-ақ тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұраймыз, – дейді әкімдік.
21 СӘУІРДЕГІ КЕПТЕЛІС
Кеше Ухнаагийн Хурэлсухтің Астанаға ресми сапармен келуіне орай да бірқатар көшеде қозғалыс уақытша шектеліп, кептеліс байқалғаны рас. Әсіресе, әуежайдан қала орталығына дейінгі бағыттарда және негізгі даңғылдарда көлік ағыны баяулаған.
2ГИС деректеріне сәйкес, 21 сәуір күні сағат 18:40-та елордадағы жолдағы жағдай 8 баллға дейін жеткен. Бұл – кешкі қарбалас уақытпен қатар, қаладағы ресми делегациялар қозғалысының күшеюімен байланысты.
ҚАЙ КӨШЕЛЕР ЖАБЫЛАДЫ?
Ресми ақпарат бойынша, 22 сәуірден бастап Абай даңғылының Республика даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейінгі участкеде жол жабынының жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары басталды. Осыған байланысты қозғалыс кезең-кезеңімен жабылатын болады.
Толық жабылатын учаскелерде автокөлік қозғалысы баламалы бағыттар арқылы ұйымдастырылады.
Жоғарыда аталған шектеулерге байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан жолдағы кептелістерді азайту мақсатында қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жүргізіліп жатқан жол-құрылыс жұмыстарына түсіністікпен қарауды өтінеміз,– дейді елорда әкімдігі.