×
462.87
540.72
6.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
462.87
540.72
6.16

Аурухана емес, мәйітхана: Сарыағашта екпеден кейін бала қайтыс болды

Бүгін, 14:16
Аурухана емес, мәйітхана: Сарыағашта екпеден кейін бала қайтыс болды
Ulysmedia.kz коллажы

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында сегіз айлық сәби вакцина алғаннан кейін бір тәулік ішінде қайтыс болды. Ата-анасы әлі күнге дейін өлімнің нақты себебін білмейді. Биыл жыл басынан бері Сарыағаш аудандық ауруханасында алты бала көз жұмған. Тұрғындар емдеу мекемесі "мәйітханаға" айналды деп айтып, дәрігерлерді салғырттығы үшін жазалауды талап етуде. Ulysmedia.kz тілшісі бұл қайғылы оқиғалардың астарында не тұрғанын анықтап көрді.

Вакцина жарамсыз болды ма?

Майра Жұмашева айтуынша, ол ұлына 23 қаңтар күні пневмонияға қарсы екпе салдырған. Жарты сағаттан кейін баланың жағдайы күрт нашарлап, құсып, әлсіреп, есінен тана бастаған. 

Ата-анасы сәбиді шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізген. Олардың айтуынша, көмек бірден көрсетілмеген. Салдарынан бала жансақтау бөліміне түсіп, көп ұзамай қайтыс болған.

– Олардың немқұрайлылығы мен жауапсыздығының кесірінен мен әлі күнге дейін бір күннің ішінде сап-сау баламды өлі күйінде алып шыққаныма сене алмаймын. Мен тек екпе салдырдым да, үйге қайттым. Жарты сағаттан кейін бала құса бастады, суық терге түсті, әлсіреп қалды. Маған вакцина жарамсыз болуы мүмкін, мұндай жағдай мыңның бірінде болады деп айтты. Неге бұл менің баламның басына түсті? Неге бұл алдын ала тексерілмеген? Тіпті препараттың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болуы мүмкін деді, – дейді әйел.

Бірнеше ай өтсе де, өлімнің нақты себебі ресми түрде әлі анықталған жоқ.

Бұл жалғыз жағдай емес. Аудан тұрғыны Нұрбақыт Тұрақбай да өз оқиғасымен бөлісті. Ер адам кішкентай ұлын дене қызуымен ауруханаға жеткізіп, бірнеше күннен кейін жансақтау бөлімінен оның мәйітін алып шыққан.

Ер адамның айтуынша, сол күндері бірден бірнеше бала қайтыс болған. Осыдан кейін медицина қызметкерлерінің бір бөлігі жұмыстан шыққан.

– Бұл балалардың бәрі жансақтау бөлімінде жатқан. Арада екі ай өткен соң жағдай қайта қайталанды. Тағы екі-үш бала қайтыс болды. Көршілердің де балалары көз жұмды. Егер дәрігерлердің білімі жеткілікті болса, неге емді соңына дейін жеткізбейді? Бәрі жұмыстан кетіп қалды. Біздің бала қайтыс болған күні кезекшілікте болғандардың барлығы жұмыстан шықты. Сарыағашта ақшаң болмаса, емдемейді. Шу көтермесең, қарамайды, – дейді Нұрбақыт.

Айнагүл Ауезова қан құюдан кейін екі жасар немересінен айырылып қалғанын айтады.

– Ол гранат жегеннен кейін құсып жіберді, асқазанын жуып тастады, кейін қателікпен басқа қан тобы құйылған. Бала жансақтау бөліміне түсті, сол жерде қайтыс болды, – деп еске алады әжесі.

Дәрігерлер қайта оқудан өтуде

Сарыағаш аудандық ауруханасы әкімшілігінің мәлімдеуінше, әрбір жағдай бойынша тексерулер жүргізілген, оның ішінде облыстық деңгейде және фармбақылау тарапынан да өткізілген. Жауапты мамандарға жаза қолданылып, бір бөлігі оқуға жіберілген.

– Жалпы, бұл ауруханада бес жасқа дейінгі алты бала қайтыс болған. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бірқатар шаралар жүргізілуде. Майра Жұмашеваның баласына қатысты іс бойынша да тексеру өтті. Барлық жауапты мамандар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жұмыстан шығару болған жоқ, кейбір қызметкерлер оқуға жіберілді, – деді бас дәрігердің орынбасары Гүлмира Абдраманова.

Балаларын осы ауруханада жоғалтқан ата-аналар мекемеге толық тексеріс жүргізуді және дәрігерлерді ауыстыруды талап етіп отыр. Олар сондай-ақ медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі барын алға тартады. Олардың пікірінше, мұндай жағдай өзгермесе, балалар өлімі азаймайды.

Контекст

Жақында Қарағандыда облыстық инфекциялық ауруханада 1 жас 3 айлық Кәусар Серік есімді қыз бала қайтыс болды. Ол ішек инфекциясымен түскен, кейін жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне ауыстырылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Үш жарым апта ем алғаннан кейін дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлаған.

Анасы Астана қаласынан ЭКМО аппаратын (өкпенің жұмысын уақытша алмастыратын құрылғы) жеткізуді сұраған, бірақ ол орындалмаған. Ауруханада мұндай жабдық болмаған. Денсаулық сақтау министрлігі тексеру басталғанын хабарлап, бұл жағдайда ЭКМО қажет болмағанын түсіндірді.

Қыз баланың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырып, өңірлерде медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі және баланы құтқару мүмкіндігі болды ма деген мәселе кеңінен талқыланып келеді.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Серіктес жаңалықтары