«Қыз-Жібек» фильміндегі камзолға байланысты дау мәдениет және ақпарат министрлігіне дейін жетіп, оқиға қоғамдық резонансқа ұласқан тұста Алагөзовтер отбасына қатысы бар тағы бір дау басталды. Бұл жолы әңгіме Алматыдағы Тереңқұр аумағындағы 30 сотық жер теліміне байланысты болып отыр. Тұрсынғали Алагөзов бұл жерге 2023 жылдан бері иелік етеді. Ulysmedia серуендеу аймағындағы 30 сотық жердің қалай жеке меншікке өткенін және қазір ол аумақтың қандай жағдайда екенін зерттеп көрді.
Бұл жер телімін Тереңқұрмен жүріп өткен кез келген алматылық немесе қала қонағы көргені сөзсіз. Себебі онда спорт алаңы бар. Бірақ былтыр күзден бастап ол жерде спорт алаңымен қатар биік темір қоршау да пайда болды
Бұл жер телімі жекенің қолына өтіп кеткені туралы бірнеше жыл бұрын белгілі болған. Бірақ ол жекенің қолына 2000-шы жылдары өтіп кеткен. Жер тілімінің бірінші иесі Мұхтар Құл-Мұхаммед болған (ол уақытта сенатор). Бұдан бөлек ол мәдениет министрі, президент кеңесшісі, Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы сияқты қызметтерді атқарды.
— Жер учаскесіне иелік ету туралы мәліметтерге сәйкес, талапкердің жер учаскесіне жеке меншік құқығы бастапқыда Алматы қаласы әкімінің 2000 жылғы 17 қазандағы қаулысымен Мұхтар Құл-Мұхаммед М.А.-ға берілген. Жер учаскесін сатып алу-сату шарты 2000 жылғы 30 қазанда жасалған, — делінген сот құжаттарының бірінде.
Ол уақытта Алматы қаласының әкімі аты шулы Виктор Храпунов болған. Әкімнің қаулысы бойынша сенатор 30 сотық жерді иелігіне алған. Қазір осы жердің 20 сотығы Алагөзовке тиесілі. Жер телімі 2022 жылы екіге бөлінген. Сол уақыттан бастап көршілес үйлерде тұратын тұрғындар бастамашыл топ құрып, жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруды талап етуде.
Бастамашыл топ мүшесі Марат Досқараевтың сөзінше, мәселенің түп-төркіні 1990-шы жылдардан басталады. Сол уақытта жергілікті тұрғын Дәмира Оразәлиеваның үйі тұрған жерді алмақшы болған.
– 1998-1999 жылдары жер комитеті мемлекеттік атынан келгендей сыңай танытып, көшуді сұраған. Жер телімін сатып аламыз деген. Бірақ Оразәлиева көшуден бас тартқан. Кейіннен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атынан адамдар келген. Бірақ ол сонда да көшпей қойған. Нәтижесінде олар оның үйіне кіретін жер телімін алып қойған, – дейді Марат Досқараев.
Оның сөзінше, жер телімін алу кезінде сатып алу-сату келісімі жасалғанымен, шын мәнінде сенатор 30 сотық жердің 15 сотығын мұқтаж ретінде алған.
– Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өз тарапынан жер беру туралы өтініші жоқ. Парламент тарапынан оған тегін жер бөлу туралы сұрау хаттамасы да болмаған. Мұндай құжаттар тіркелмеген. Ол мұқтаж ретінде есепте де тұрмаған. Тек әкімдік қаулысы ғана бар, — дейді Марат Досқараев.
Кейінгі 23 жылда 30 сотық жердің иесі бірнеше рет ауысқан. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі жер телімін 2007 жылы сатып жіберген. Жердің жаңа иесі оны 2018 жылы өзге біреуге сатқан. 2022 жылы жерді кәсіпкер Марат Машкалов сатып алған. Сол жылы желтоқсанда ол жер телімін екіге бөлген. 10 сотық жер әлі де кәсіпкердің иелігінде. Ал қалған 20 сотық жерді Тұрсынғали Алагөзовке сатып жіберген.