Қазақстанда іріктеу талаптарға сәйкес келмейтін 340 адамға «Болашақ» стипендиясы берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АУДИТ
Мәжілістегі үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскин «Болашақ» бағдарламасының қаржысына талдау жасау барысында анықталған тәртіп бұзу фактілерін атады.
«Министрліктің шешімі бойынша 340 үміткерге 7,7 млрд теңгеге жалпы іріктеу критерийлеріне сәйкес келмеген жағдайда стипендия жеке тәртіппен тағайындалған. Сонымен қатар, 151 стипендия лимиттен тыс берілген», - деп мәлім етті Каскин.
Сондай-ақ, жасанды интеллект бағыты бойынша жоспарланған 54 стипендияның тек 5-і ғана іс жүзінде тағайындалған, ал қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.
ОҚУДАН ШЫҒЫП ҚАЛҒАНДАР
Тілеген Каскин «Болашақ» стипендиясын ұтып алып, кейін оқудан шығып қалған студенттер туралы да айтты.
«2022–2024 жылдары шамамен 24 мың студент оқудан шыққан, олардың оқуына 19,6 млрд теңге жұмсалған. Соның ішінде 10 мың студент бойынша жүйеде пайдаланылған гранттар сомасы туралы мәлімет мүлдем жоқ», - деп мәлім етті ол.
Оның сөзінше, оқудан шығып қалған осы студенттер бойынша қаражатты қайтарудың толыққанды тетігі жоқ.
2025 ЖЫЛЫ СТИПЕНДИЯ ҚАНША АДАМҒА БЕРІЛДІ
Былтыр 225 қазақстандық "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері атанған.
Олардың ішінде 152 адам магистратурада білім алуға, 16 үміткер докторантура бағдарламаларына жолдама алды. Ал 57 қазақстандық әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-білім беру орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Стипендиаттардың 69,8%-ы жаратылыстану-техникалық бағыттар бойынша, ал 30,2%-ы қоғамдық-гуманитарлық бейін бойынша оқиды.
Сонымен қатар, тағы 182 қазақстандыққа әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия тағайындалды.