×
460.8
541.21
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
460.8
541.21
6.13

Ирандағы соғыс: Трамп Тегеранның ұсынысына наразы

Бүгін, 08:19
Ирандағы соғыс: Трамп Тегеранның ұсынысына наразы
фото: caliber.az

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның соғысты тоқтатуға қатысты ұсынысына көңілі толмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН

Бұған дейін Иран Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуылды тоқтатып, соғысты аяқтауды, ал ядролық келіссөздерді кейінге шегеруді ұсынған еді.

Reuters-тің жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеуге арналған бұл ұсынысқа наразы, өйткені онда Иранның ядролық бағдарламасы қарастырылмаған.

CNN дерегінше, жағдайдан хабардар екі дереккөз Дональд Трамп бұл жоспарды қабылдауы екіталай екенін айтқан. АҚШ шенеуніктерінің пікірінше, Ормуз бұғазының жұмысын қалпына келтіру уранды байыту мен оның қорына қатысты мәселелер шешілмей жүзеге асса, Вашингтонның келіссөздердегі негізгі ықпал тетігі әлсіреуі мүмкін. Ал бұғаздағы шектеулер сақталса, энергия тасымалдаушылар бағасы әзір арзандай қоймайды, бұл АҚШ-та газ бағасының күрт өсуіне алып келген.

ИРАН БИЛІГІНДЕ ОРТАҚ ҰСТАНЫМ ЖОҚ

Телеарнаның жазуынша, Дональд Трамптың алдағы қадамдары әзірге анық емес. АҚШ билігі Иран ішіндегі алауыздыққа алаңдап отыр және ықтимал келісім бойынша соңғы шешімді кім қабылдайтыны белгісіз.

Axios дерегінше, Иран билігінің ішінде қандай ядролық жеңілдіктерге баруға болатыны жөнінде ортақ ұстаным жоқ.

Reuters-тің Пәкістандағы дереккөздері хабарлағандай, делдал рөлін атқарып отырған Исламабад АҚШ пен Иран арасындағы келіспеушіліктерді азайту бағытындағы жұмысты тікелей байланыс болмағанның өзінде жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Ақ үйдің өкілі Оливия Уэльс CNN-ге келіссөздердің өте нәзік екенін айтып, АҚШ олардың барысын БАҚ арқылы талқыламайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, «басымдық АҚШ-тың қолында, кез келген келісім америкалықтардың мүддесіне сай болуы тиіс және Иран ешқашан ядролық қаруға қол жеткізбеуі керек».

МӘНСІЗ КЕЛІССӨЗДЕР

Дональд Трамп бұған дейін арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнердің Пәкістанға жоспарланған сапарын тоқтатқан. Бұл кездесуде келіссөздердің келесі кезеңі, соның ішінде ықтимал әскери әрекеттер мәселесі талқылануы тиіс болған. Қазір АҚШ пен Иран арасында уақытша бітім бар.

Ақ үй басшысы бұл шешімін Тегеран тарапынан қанағаттанарлық ұсыныс түспегенімен түсіндірді. Оның айтуынша, Иран қандай ымыраға дайын екені және соңғы шешімді кім қабылдайтыны нақты болмайынша, өз командасын жіберудің мәні жоқ.

Бұған дейін ирандық делегация да келіссөздерге келуден бас тартып, мұндай байланыстарды «уақытты босқа кетіру» деп бағалаған.

Серіктес жаңалықтары