Астанада, Сығанақ көшесінде орналасқан "Тандыр" дәмханасы 2024 жылдың қараша айынан бастап ерекше қайырымдылық бастаманы қолға алған. Кәсіп иелері әр жұма сайын зейнеткерлерге тегін палау таратып, қарияларға қуаныш сыйлап келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кафе өкілдерінің айтуынша, бұл идея ешқандай есеппен емес, шынайы ниеттен туған.
«Жақсылық жасағанды кім жақсы көрмейді... Кішкене болсын, адамдарға қуаныш сыйлау идеясынан бастау алды», – дейді кафе бастығы Гульдана Айтышевна.
Игі бастама ең алдымен зейнеткерлерге бағытталған. Себебі олар көбіне әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топқа жатады.
«Зейнеткер адам, расында біздің қоғамда қаражат жағынан шектелген, егде жастағы, көбіне жұмысқа жарамсыз адамдар. Сол кісілерге кішкене болсын қуаныш сыйлау болды», – дейді Гульдана.
Кәсіпкерлер бұл акцияны бастағанда нақты нәтиже күтпегендерін айтады. Бірақ қайырымдылық шарасы қариялардың көңілінен шыққан. Әр жұма сайын олар ертерек жиналып, бір-бірімен әңгімелесіп, уақытты бірге өткізеді.
«Ата, апалар көптеп жақсы баталарын беріп жатыр... қариялар да ертерек келіп, бір-бірін көріп қуанып, шүйіркелесіп жатады», – дейді ол.
Қазіргі уақытта кафе әр жұма сайын шамамен 50 адамға палау таратады. Бұл жоба 2024 жылдың желтоқсан айынан бері тұрақты түрде жүзеге асып келеді.
«Тандыр» кафесінің әзірге басқа филиалдары жоқ. Кәсіп иелері қаржылық мүмкіндіктер шектеулі екенін жасырмайды.
Қайырымдылық шарасына ай сайын шамамен 360 мың теңге жұмсалады. Бұл іске қасындағы “Тұмар” сауда орталығы демеушілік көрсетіп отыр екен.
«Адам көбейсе, болашақта қаржы жағынан қиындық көруіміз мүмкін. Келген адамға “сізге жетпей қалды” деп айту өте ауыр», – деді Гульдана Айтышевна.
Кафе ұжымы мұндай бастаманы өзге кәсіпкерлерге де үлгі ретінде ұсынады.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар... қаламызда қанша мейрамханалар бар, неге олар айына бір рет болса да қарияларды түскі асқа жинамасқа», – деді кафе өкілі.